Жұма, Шілде 18, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетҚазақстан жаңалықтарыҚазақстанда қалыңдық ұрлауға қатаң жаза белгіленді – 10 жылға дейін бас бостандығынан...

Қазақстанда қалыңдық ұрлауға қатаң жаза белгіленді – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген

Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды құқықтық қадам жасалды – Мемлекет басшысы Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Бұл құжат қоғамда өзекті мәселелерге айналған құқықтық олқылықтарды жойып, азаматтардың қауіпсіздігі мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Social Media.

Заң аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске, «Оперативтік-іздестіру қызметі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер төрт негізгі бағыт бойынша жүйеленді: қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету, қылмыстық жауапкершілікті күшейту арқылы қауіпті әрекеттердің алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау мен процестің бәсекелестік сипатын арттыру, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру.

Енді қалыңдық ұрлау әрекеті ауыр қылмыс ретінде заңмен қарастырылады. Бұл үшін үш деңгейлі жаза қарастырылған: неке қию мақсатында адам ұрлағаны үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, күш қолдану немесе қорқыту арқылы жасалған әрекет үшін 5000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, егер бұл әрекет ауыр зардаптарға (денсаулыққа зиян келтіру немесе өлім) әкелсе – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Бұдан былай жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде де қылмыстық жауапкершілік сақталады. Сонымен қатар, заңға алғаш рет сталкинг – адамның еркіне қарсы қудалау, хабарламалар жолдау, телефон шалу, аңду сияқты әрекеттер нақты қылмыс ретінде енгізілді. Бұл үшін де айыппұл, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, 50 тәулікке дейін қамауға алу жазалары белгіленді. Бұл норма – әсіресе әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған маңызды өзгеріс. Заңда тағы бір маңызды норма – неке қиюға мәжбүрлеу үшін жаза тағайындау. Бұл үшін де үш деңгейлі жаза көзделген: жеңіл түрде – айыппұл, түзету жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, егер бұл әрекет кәмелетке толмағандарға немесе тәуелді адамдарға қатысты жасалса, топпен жасалса немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса – 3 жылдан 7 жылға дейін, ауыр зардаптар туындаған жағдайда – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Бұл заң тек жаза қолдану құралы емес. Ол қоғамда қалыптасқан түсініктерді өзгертуге бағытталған. Енді адам құқықтарын шектейтін әрекеттер дәстүр деген желеумен ақталмайды. Мемлекет азаматтарының абыройы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып отырғанын айқын көрсетті. Жаңа нормалардың тиімді жүзеге асуы бүкіл қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысына байланысты болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер