Қазақстан экономикасы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,2 пайызға өсіп, соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Social Media.
Өсімнің негізін нақты секторлар құрады: көлік, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласы. Мәселен, көлік саласы 22,7 пайызға, құрылыс 18,4 пайызға артқан. Саудада да белсенділік байқалады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,3 пайызға өскен. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, көлік және өңдеу өнеркәсібі секілді болашаққа бағытталған салалар қарқынмен дамуда.
Сыртқы экономикалық белсенділік те жоғары: экспорт көлемі – 29,8 миллиард доллар, оның 10 миллиардтан астамы өңделген өнім. Импорт – 23,8 миллиард доллар, ал сауда балансы 6 миллиард доллар көлемінде оң көрсеткіште қалып отыр.
Министрдің айтуынша, басты мақсат – тек өсімді қамтамасыз ету емес, сонымен қатар экономиканың тұрақтылығын күшейту. Қазақстан алдағы уақытта да орнықты даму бағытын ұстанады.