Дүйсенбі, Қыркүйек 8, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетҚазақстан жаңалықтарыҚазақстан халқына Жолдауында Президент жаңа инвестициялық тәсілді енгізу қажеттігін атап өтті

Қазақстан халқына Жолдауында Президент жаңа инвестициялық тәсілді енгізу қажеттігін атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты жыл сайынғы Жолдауымен халыққа үн қатты. Өз сөзінде ол дәстүрлі түрде мемлекеттің алдағы жылға арналған стратегиялық бағытын белгілеп, Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер алдына негізгі міндеттер қойды. Басым бағыттардың бірі – ірі инвестицияларды тарту жұмыстарын күшейту болды, деп хабарлайды Social Media.

Президент атап өткендей, жаһандық капитал үшін бәсекелестік күшейгеніне қарамастан, Қазақстанға ірі инвестициялар тарту қажет. Ол жаңа инвестициялық циклді бастау қажеттігін жеткізді.

«Қазіргі саясатты нәтижелі деп айту қиын. Қаражаттың басым бөлігі шикізаттық салаларға бағытталуда. Бұл жаман емес, мұндай инвестициялар бізге қажет. Бірақ енді алда тұрған міндет – инвестицияларды өңдеуші өнеркәсіпке тарту. Сондықтан Үкімет инвестициялық саясатты қайта қарауы тиіс. Қажет болған жағдайда жоғары технология саласында жұмыс істейтін инвесторларға преференциялар беруге болады. Сонымен қатар мемлекеттік инвестициялар мен ірі жеке бастамаларды бірдей қолдау қажет. Жұмыс ірі, орта және шағын инвесторлармен қатар жүргізілуі тиіс. Бізге нақты қай салаға, қандай мақсатпен және қанша көлемде қаражат қажет екенін айқындау керек. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістік сектордың сұранысына сәйкес қалыптасуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі таңда инвесторлармен өзара іс-қимыл жүйесінің күрделі әрі бытыраңқы екенін, бұл жағдайдың бюрократияға және функциялардың қайталануына алып келетінін айтты.

«Инвестиция тартуға қатысты барлық ұйымдастырушылық жұмыс толықтай Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеттілігі жоқ. Бірақ бірде-бір мемлекеттік құрылымның атауында «инвестиция» сөзі кездеспейді. Бұл мәселе 3-4 мекеменің қарамағында болғанымен, түбегейлі шешімін таппай отыр. Сондықтан Премьер-министрге он күн ішінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөнінде іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде әзірлеуді жүктеймін», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды тапсырды. Ол прокуратураның заңсыз актив иелерімен жүргізген жұмысын оң бағалап, қазынаға шамамен 850 млрд теңге қайтарылғанын айтты. Бұл қаражат он мектеп пен төрт спорт нысанын салуға, 235 денсаулық сақтау және 177 су инфрақұрылымы нысандарын тұрғызу мен жаңғыртуға бағытталды.

«Инвесторларға салықтық преференциялар беру қағидаттарын мұқият қарастыру керек, оларды ел экономикасы үшін маңызы зор әрі тиімді жобаларға ғана қолданған жөн. Жалпы, инвестициялық келісімдер тетігі өзін жақсы жағынан көрсетті. Қосымша инвестициялар тарту үшін Ұлттық қордың рөлін орнықты даму құралы ретінде қайта қарау қажет. Қор қаражаты еліміздегі болашағы зор шағын жобаларды қаржыландыруға мақсатты әрі тиімді жұмсалуы тиіс. Ең бастысы – қаражатты бөлуге жауапкершілікпен қарау қажет. Қажет болған жағдайда осы жұмысқа сапалы сараптамасы бар халықаралық басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар экономиканың жоғары технологиялық салаларына 1 млрд долларға дейінгі инвестиция тарту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Президент банктердің артық өтімділігін экономикаға бағыттау, қаржы нарығын либерализациялау, финтех пен цифрлық активтерді дамыту мәселелерін де көтерді. Ол биылғы жылдың соңына дейін жаңа «Банктер туралы» заңды қабылдауды сұрады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы цифрлық теңгені кеңінен енгізу, Ұлттық банк жанынан Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру, стратегиялық криптоактивтерді жинақтау қажеттігін атап өтті.

Президент киберқылмысқа қарсы интеллектуалды жүйе құру керектігін де айтты.

«Өңірлерге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтар маңызды рөл атқарады, бірақ олардың жұмысы әлі де тиімсіз. Үкімет осы бағытта нақты шешімдер қабылдауы тиіс. Қажет болса, арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, оның ішінде шетелдік компанияларды тартуға болады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да өңірлердің дамуында басты қозғаушы күшке айналуы тиіс. Алайда бүгінде көптеген корпорациялар коммуналдық мүлікті басқарумен немесе болмашы жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Үкімет оларды толыққанды даму институттарына айналдыруы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, инвестиция тартудағы табыс тек орталық атқарушы органдардың ғана емес, жергілікті биліктің де үйлесімді жұмысына байланысты. Осыған орай барлық әкімдердің жауапкершілігін арттыру үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі базасында өңірлердің инвестициялық тартымдылық индексін енгізу тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер