2025 жылы Әділет министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп азаматтарға туу туралы куәлікті «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл ХҚКО-ға бармай туу туралы куәлікті алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Social Media primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Атап айтқанда, АХАТ органдары берген туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамалар сияқты электрондық құжаттар бойынша электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарлануда. Жаңалық азаматтарға аталған құжаттарды алуға және оларға бір өтініш аясында апостиль қоюға мүмкіндік береді. Бұл қызмет 2025 жылдың төртінші тоқсанында қолжетімді болады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, заң көмегін көрсету саласында Әділет министрлігі 2025 жылы «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесіне талаптардың даусыздығы және борышты мойындау, борышкердің жеке кабинеті арқылы қарсылық беру, сондай-ақ нотариустың борышкердің тіркелген жері бойынша ғана атқарушылық жазбаны жасауын растайтын құжаттарды салуды көздейтін атқарушылық жазбаны жасау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Аталған бастамалар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыруға, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.