Бейсенбі, Қазан 16, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетҚазақстан жаңалықтарыҚазақстанның ұлттық резервтері 64 миллиард долларға жетті – Елнұр Бейсенбаев

Қазақстанның ұлттық резервтері 64 миллиард долларға жетті – Елнұр Бейсенбаев

Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев XII Азаматтық форумда сөйлеген сөзінде еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтап отырғанын, барлық әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалып жатқанын және Қазақстан ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлауға негізделген мемлекеттердің қатарына кіретінін атап өтті, деп хабарлайды Social Media.

«Біз бюджетке тұрақты түсімдердің қамтамасыз етіліп отырғанын және экономиканың орнықты өсімін көріп отырмыз. Азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалуда», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, үш жылдық бюджетке көшу – елдегі болжамды әрі стратегиялық басқаруға жасалған маңызды қадамдардың бірі.

«Қазақстан – үш жылдық бюджетпен жұмыс істейтін әлемдегі санаулы елдердің бірі. Бұл – экономиканың тұрақтылығын және ұзақ мерзімді жоспарлау мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі таңда тек 50-ге жуық мемлекет мұндай жүйеге көшкен. Қалған 150-ге жуық елдер тұрақсыздық пен болжаусыздық жағдайында өмір сүруде», – деді ол.

2024 жылы Қазақстан бюджетінің кірісі 44 миллиард доллардан асып, бұл көрсеткіш Өзбекстаннан 1,5 есе, ал Ираннан 4 миллиард долларға, Болгариядан 10 миллиард долларға жоғары болды. Әлеуметтік саясат: зейнетақы мен жәрдемақы көлемі артып, өңірлерге қолдау көрсетілуде.

Бейсенбаев мемлекет тарапынан зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың жыл сайын тек индексацияланып қана қоймай, нақты көлемде арттырылып отырғанын айтты.

«Бұл – жүйелі көзқарас. Алдағы он жылда әлеуметтік төлемдерге бөлінетін шығын көлемі тағы 10 триллион теңгеге артады», – деді ол.

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің 30%-ы немесе 76 триллион теңге өңірлерді дамытуға бағытталған. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

«Қазір Қазақстанда бар болғаны үш өңір ғана бюджеттің доноры болып отыр, ал қалған 17 өңір – дотациялық. Сондықтан негізгі жүктеме республикалық бюджетке түседі. Кейде қаражаттың көп бөлігін жергілікті жерлерде қалдыру ұсынылады, алайда дәл орталықтандырылған бюджет аумақтардың тұрақты дамуына мүмкіндік береді», – деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Қазақстанда елеулі қаржылық қауіпсіздік жастығы қалыптасқан.

«Жыл басынан бері халықаралық резервтер – оның ішінде алтын-валюта активтері мен бағалы қағаздар – 20 пайызға өсіп, 52 миллиард долларға жетті. Соңғы деректер бойынша бұл көрсеткіш – 64 миллиард доллар. Бұл шамамен 63 триллион теңге, яғни еліміздің үш жылдық бюджетіне тең», – деді ол.

Сонымен қатар, депутат мемлекеттік қарыз деңгейінің қауіпсіз шекте – ЖІӨ-нің 25%-ы деңгейінде екенін айтты. Аймақтың кейбір елдерінде бұл көрсеткіш 40–45%-ға дейін жетеді.

«Қазақстан қаржылық тұрақтылық аймағында қала береді», – деді Бейсенбаев.

«Нысаналы трансферттер тек маңызды инфрақұрылым жобаларына ғана бөлінетін болады. Парламенттік бақылау күшейтілді. Біз бюджеттік тапшылықты азайту бағытын қолға алдық. Бұл ретте 2 триллион теңгеге жуық шығындар қысқартылып, қаражат Ұлттық қорға сақталды», – деп түсіндірді ол.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына енеді. Елде саяси және экономикалық тұрақтылық сақталған.

«Әрине, кейбір бағыттарда шешімді қажет ететін мәселелер бар. Бірақ жалпы алғанда еліміз тұрақтылық пен жүйелі дамуды көрсетіп отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбаев саяси жаңғырудың маңыздылығына тоқталды:

«Бізде Ұлттық диалог алаңы құрылып, парламенттік мәдениет пен көппартиялық жүйе дамып келеді. Жастар азаматтық белсенділік таныта бастады. Бүгінде әрбір азамат өз пікірін ашық айтып, ел өміріне еркін қатыса алады», – деді ол.

«Бүгінде сайлаулар барлық деңгейде – ауылдан бастап республикалық деңгейге дейін өткізіліп жатыр. Бұл – демократиялық тәжірибенің қалыпты құбылысына айналды», – деп түйіндеді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер