Бүгін Мәжілісте «AMANAT» фракциясының депутаттары уақыт белдеуінің өзгеруінің халықтың денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері жөніндегі зерттеу нәтижелері бойынша Үкімет есебін тыңдады, деп хабарлайды Social Media.
Зерттеу жұмысы «AMANAT» фракциясының ұсынымдарын жүзеге асыру аясында алты негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Оған беделді ғалымдар, сарапшылар мен ғылыми институттар тартылып, географиялық параметрлері ұқсас түрлі мемлекеттердің тәжірибесі сарапталды.
Талқылау барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев баяндама жасады.
– Жүргізілген салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елдерде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып, адами капиталды жетілдіру бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді толық негізделген деп санайды, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу білім беру жүйесіне, жол-көлік оқиғаларының санына және көшедегі қылмыс деңгейіне айтарлықтай әсер етпегенін көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілгені белгілі болды. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тапқан.
Депутаттар көтерген сұрақтарға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің басқа да өкілдері жауап берді. Сауда және интеграция министрінің айтуынша, алдын ала деректер уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың өмір сапасына және экономиканың негізгі салаларының жұмысына теріс әсер етпегенін көрсетеді.
Ал Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу денсаулық сақтау саласында оң өзгерістерге алып келген. Атап айтқанда, жедел жәрдем шақыру саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендеген. Бұл уақытты тиімді бөлу қоғамдық денсаулыққа оң әсер ететінін көрсетеді.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін өзгертудің халық тұрмысы мен экономикаға ықпалын жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өткенін еске салды.
– Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын ұсынды. Ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен зерттеу Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізділігін дәлелдеді, – деді Мәжіліс Спикері.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің ғылыми зерттеу нәтижесін қабылдады және оны кеңінен түсіндіру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, депутаттар Үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесе отырып, уақыт белдеуіне көшуге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Бұл жұмысқа ғалымдарды, сарапшыларды және қоғам белсенділерін тартып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық науқан жүргізу маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, халықтың сұранысы мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, жергілікті деңгейде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру қажеттігі атап өтілді.