2025 жылдың 25–29 қазан аралығында Астанада жылдың ең жарқын спорттық оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен алғашқы Ашық Кубогы (President’s Open Cup) өтеді. Турнирге әлемдік деңгейдегі спорт жұлдыздары қатысып, спорт сүйер қауым үшін нағыз мерекеге айналмақ. Жарысқа кіру – тегін, деп хабарлайды Social Media.
Жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларын құрайтын турнир Beeline Arena алаңында өтеді. Іс-шараны Nomad Table Tennis Academy Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен ұйымдастыруда. Сонымен қатар, серіктестер қатарында Aspan Holding және VD Stroy Engineering компаниялары бар.
Жарысқа 250-ден астам спортшы, 50-ге жуық жаттықтырушы және 30 төреші қатысады. Қатысушылар қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларынан келген теннисшілермен қатар, Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы және басқа елдерден келген спортшылар бар. ITTF-тің әлемдік рейтингісінде топ-100 қатарына кіретін ойыншылардың келуі турнирдің жоғары деңгейі мен халықаралық мәртебесін айғақтайды.
Турнирдің басты оқиғаларының бірі – әлемдік үстел теннисі жұлдыздарының шоу-матчы болмақ. Оған спорттың аңызға айналған тұлғалары қатысады: Қытайдан келген, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Сюй Синь; әлем чемпионатының күміс жүлдегері, шабуыл стилімен танымал Фан Бо; 2003 жылғы әлем чемпионы, Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Вернер Шлагер (Австрия); сондай-ақ 2003 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2011 жылғы қола жүлдегері және 2012 жылғы Олимпиада қатысушысы – Чу Се Хёк (Корея). Бұл жұлдыздардың қатысуы турнирге ерекше сән беріп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайды.
Қазақстан намысын қорғауға еліміздің үздік теннисшілері шығады: Кирилл Герасименко, Алан Курманғалиев, Айдос Кенжигұлов, Искандер Харки, Зауреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Қошқымбаева және Анель Бақыт.
Турнир жеке және командалық есепте төрт жас санаты бойынша өтеді:
– U-11 – 2014 жылы туғандар және одан кішілер
– U-16 – 2009 жылы туғандар және одан кішілер
– Open 17+ – 2008 жылы туғандар және одан үлкендер
– Team event – командалық жарыстар
Кесте бойынша, 24 қазанда қатысушылар келіп, жаттығулар мен баспасөз конференциясы өтеді. 25 қазанда ашылу салтанаты мен U-11 және U-16 санаттарындағы жеке ойындар басталады. 26 қазанда бұл санаттар бойынша жарыстар жалғасады. 27 қазанда командалық ойындар мен Open 17+ санатындағы жеке кездесулер өтеді. 28 қазанда жартылай финалдар, ал 29 қазанда финалдық ойындар және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Президенттік кубоктың басты мақсаты – спорт мәдениетін дамыту, жастар арасында үстел теннисін насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Бұл – тек жарыс емес, жас таланттар мен танымал шеберлер бас қосатын, спортты алға жетелейтін алаң. Турнир Қазақстанды Орталық Азиядағы үстел теннисінің жаңа орталығы ретінде таныта түспек.