Көптеген азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатыспаса, медициналық көмек ала алмаймыз деп ойлайды. Алайда Қазақстанда Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) бар. Бұл көмек сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан көрсетіледі, Social Media деп хабарлайды.
Кімдерге КТМКК қолжетімді?
КТМКК келесі санаттағы адамдарға ұсынылады: Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, ықтиярхаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар. Сондай-ақ елде уақытша жүрген шетелдіктер мен баспана іздеушілер – жұқпалы немесе қоғамға қауіп төндіретін аурулар жағдайында – көмек ала алады.
Қандай қызметтер тегін көрсетіледі?
Жедел жәрдем мен санитарлық авиация, учаскелік дәрігердің қабылдауы, диагностика, вакцинация, жүкті әйелдерді бақылау, профилактикалық тексерулер. Сондай-ақ ВИЧ, туберкулез, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, жарақат пен улану кезіндегі көмек, күндізгі және тәулік бойы стационар, паллиативтік көмек, туберкулезге қарсы оңалту, қан компоненттерімен қамтамасыз ету, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (Министрлік бекіткен тізім бойынша), трансплантология және патологоанатомиялық диагностика.
Көмектен бас тартқан жағдайда не істеу керек?
Егер көрсетілген қызметтер бойынша көмек беруден бас тартса, емханадағы Пациентті қолдау қызметіне жүгініңіз. Нәтиже болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағым түсіруге болады.