Сейсенбі, Қыркүйек 9, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетҚазақстан жаңалықтарыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші кәсіпкерлер болуы керек...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші кәсіпкерлер болуы керек деп санайды

«Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 40%-ға, ал жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі 50%-ға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұл секторды жүйелі түрде дамытпай, біз экономиканы да, өмір сапасын да жақсарта алмаймыз», – деді Президент, деп хабарлайды Social Media.

«Өткен жылы мен «Экономиканы одан әрі ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл бизнеске бағытталған ашық реттеу моделіне көшуге негіз қалады. Алайда, бұл Жарлық толық орындалмай отыр.

Кәсіпкерлік бастаманы жандандыру мәселесі күн тәртібінде тұр, сондықтан құқықтық базаны жаңғырту қажет. Қазіргі таңда елде 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар. Олар өзара қайшылықтарға толы түзетулермен шамадан тыс жүктелген және бизнеске кедергі келтіреді. Заңнаманы терең қайта қарап шығу қажет. Бұл жұмысты жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы тиімді әрі жылдам жасауға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Оның айтуынша, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (АСПИР) жанынан заңнаманы ретке келтірумен және түсінікті әрі тиімді шешімдер дайындаумен айналысатын Реттеушілік интеллект орталығы құрылатын болады.

«Біз заңнаманы күрделендірумен емес, оны кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеумен, министрлер мен әкімдердің нақты нәтижеге жеке жауапкершілігін күшейтумен айналысуымыз керек. Маған мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қатысты ең қатаң әкімшілік шаралардың әлі де жиі қолданылатыны туралы мәліметтер түсіп жатыр. Бұл — жол беруге болмайтын жағдай».

Мемлекет басшысының пікірінше, бизнесті артық тексерулерден қорғаудың маңызды құралы ретінде Міндетті талаптар тізілімі қызмет етуі тиіс. Оны толық көлемде енгізуді жеделдету керек және барлық нормаларды Кәсіпкерлік кодекске сәйкестік тұрғысынан қайта қарау қажет.

«Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда айтарлықтай жетістіктерге жеттік, бірақ бизнес үшін бюрократиялық рәсімдер әлі де үлкен кедергі болып отыр. Цифрландыру өзінің мақсатын орындамай отыр.

Мұны, әсіресе салық әкімшілендіру саласында, жедел түрде өзгерту қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландырудың көшбасшысы болуы тиіс, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін салық төлеушілердің мүддесі үшін тиімді пайдалану қажет. Бұл жүйелі қадамдар мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа — сервистік — қатынас моделін қалыптастыруға бағытталған».

Президенттің айтуынша, жаңа Салық кодексі жай ғана нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмей, адалдық пен ашықтыққа негізделген салық төлеушілердің жаңа менталитетін қалыптастыруы тиіс. Мемлекет адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды және олардың салықтарын елдің дамуына бағыттайды. Әрбір төленген теңге халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер, инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау түрінде қайтып оралуы тиіс.

«Кәсіпкерлік белсенділікті арттыруда даму институттары маңызды рөл атқаруы қажет. Бірақ олардың жұмысында бірқатар кемшіліктер бар. Даму институттарының қызметін түбегейлі жаңарту қажет. Бұл құрылымдар нақты салалық мамандануы бар, терең талдау жүргізетін және инвестициялау құқығына ие толыққанды даму институттары ретінде жұмыс істеуі керек».

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикадағы мемлекеттің рөлін азайту. Бұл мәселе көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Алайда, мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке бизнестің толыққанды дамуына кедергі келтіруде.

Қазір елімізде мемлекет қатысатын шамамен 25 мың ұйым бар. Олардың көпшілігінің функциялары мен құрылымы сын көтермейді және қисынға келмейді.

Коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық нысандарды шамадан тыс пайдалану тәжірибесі салдарынан елде түрлі шығындар өсіп, корпоративтік құрылымдар көбейіп, нақты нәтижеге деген назар жоғалуда.

Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік секторды реформалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңартып, экономикадағы мемлекеттің қатысуының нақты шекараларын және басқаруға қойылатын заңды талаптарды бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер