Сейсенбі, Қыркүйек 9, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетҚазақстан жаңалықтарыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы ең маңызды көпір екендігін атап өтіп, осыған байланысты көлік-логистика саласын одан әрі дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Social Media.

Президенттің айтуынша, өткен жылы еліміз арқылы тасымалданған жүк көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Дегенмен еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы басты құрлықаралық көпір ретіндегі рөлін күшейтеді.

Мемлекет басшысы Транскаспий көлік дәлізін дамытудың да стратегиялық маңызын атап өтті.

«Өңірлік көлік байланыстығын дамыту мәселесімен нақты айналысу керек. Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызға ие. Жақында алғаш рет астықтың бір партиясы Қытайдың Ляньюньган порты арқылы Вьетнамға жөнелтілді. Сондай-ақ Ауғанстандағы «Тургунди – Герат» теміржолы салынып жатыр, ол болашақта Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жаңа көлік дәліздері мен нарықтарды ашудағы мүмкіндіктердің бастамасы ғана. Алда әлі көп жұмыс бар», – деді Президент.

Қ. Тоқаев жаһандық транзит үшін бәсекелестіктің артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан алдын орап әрекет етуі тиіс екенін жеткізді.

Сонымен қатар ол негізгі дәліздер аясында автожолдарды дамытуға баса назар аударды. «Қазір еліміз бойынша 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп жатыр. Бұл ретте транзиттік дәліздерге басымдық беру қажет. «Саксаул – Бейнеу» жолының құрылысы жеделдетілуі тиіс. Ол Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін транзит мерзімін үштен бір бөлігіне қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент контейнерлік тасымалдың үлесі елімізде әлі де тым төмен екенін айтты – бар болғаны 7%. Ал әлемде бұл көрсеткіш 16%-дан асады. Сондықтан Үкіметке контейнерлік тасымалды ынталандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар ол тарифтік саясатты барлық көлік түрін ескере отырып қайта қарауды, жүк тасымалдаушылардан түсіп жатқан шағымдарды шұғыл шешуді тапсырды.

«Жасанды интеллект қолданылатын жүк тасымалын басқарудың көпфункционалды цифрлық платформасын енгізуді жеделдетуді тапсырамын. Қазан айының соңына дейін Smart Cargo – кедендік және логистикалық қызметтердің бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосу қажет. Бұл жүйе жеке компанияларға инфрақұрылымға тең әрі автоматтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деді Президент.

Қ. Тоқаев шекара бекеттерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Биыл 8 бекет толық пайдалануға берілсе, алдағы үш жылда тағы 34 бекет қайта жаңғыртылады. «Бұл – ауқымды әрі маңызды жұмыс. Көптеген бекеттер сын көтермейді, заманауи стандарттарға сәйкес келмейді және еліміздің имиджіне теріс әсер етеді», – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы автотасымалдаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуды, жүк тасымалы үшін «жасыл дәліз» қағидаты бойынша барлық жағдай жасауды тапсырды.

Президент жолаушылар вагондарының жағдайына халықтың наразылығын да еске салды. Бұл мәселені шешу үшін Астанада шетелдік инвестордың қатысуымен жаңа вагон зауыты іске қосылды. Онда халықаралық стандарттарға сай заманауи вагондар шығарылады.

Авиация инфрақұрылымын жаңарту бағытында да үлкен жұмыс атқарылды. Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақын арада Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде жаңа әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Қ. Тоқаев әуе жүк тасымалын дамытудың маңызын ерекше атап өтті. «Авиажүк – жоғары табысты әрі сұранысқа ие сегмент. Электронды коммерция мен жоғары технологиялық өнімдердің жеткізілімі артып жатқан қазіргі кезеңде бұл бағытты белсенді дамытуымыз қажет. Ұлттық жүк тасымалдаушы құрып, ірі шетелдік серіктестерді тарту арқылы әуежайларымызды жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялауымыз керек», – деді ол.

Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия кеңістігінде жетекші авиациялық хабқа айналу екенін айтты. Бұл үшін ең үздік мамандарды тартып, барлық жауапкершілікті Үкіметке жүктеді.

Президент Жолдауында туризм саласындағы мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, кәсіби кадрлардың тапшылығын мойындады. Шілде айында барлық туристік нысандарды ретке келтіруді тапсырғанын еске салып, бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер