Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен 45 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Social Media.
Бұл қаражат Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Арнаулы мемлекеттік қордан бөлініп отыр.
Бөлінген қаржыға өңірде сумен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдарды Көкшетау топтық су құбырына қосу үшін жаңа су тарту желілерін салу жобалары бар.
Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыстың ауылдық елді мекендері 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде Қазақстандағы ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Бұл жүйелер арқылы 175 мыңнан астам тұрғыны бар 229 ауыл сумен қамтамасыз етіліп отыр. Петропавл қаласының халқы 100 пайыз, ал ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы орталықтандырылған суға қол жеткізген.