Петропавл қаласындағы Көпбейінді қалалық жедел медициналық көмек ауруханасының травматология бөлімінде тыныш сәттер сирек: мұнда сүйек сынуы, күйік, үсік жарақаттарымен түскен науқастар жеткізіледі. Осындай жағдайда жедел әрі дәл шешім қабылдайтын дәрігерлердің бірі – түрік медициналық әулетінің өкілі Вали Бедешев. Ол тәжірибелі маман әрі педагог ретінде студенттерге тек кәсіби білім ғана емес, сондай-ақ достық, толеранттылық пен өзара құрмет секілді құндылықтарды да үйретіп келеді, деп хабарлайды Social Media.
Вали Бедешев – ұлты түрік, тағдыры мен отбасы тарихы сан қырлы. Оның ата-бабалары Грузиядан шыққан, ата-анасы Өзбекстанда өсіп-өнген, ал өзі Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген. Балалық шағынан бастап түрлі халықтардың дәстүрін құрметтеуді бойына сіңірген Вали мәдени әралуандықты әрдайым достық пен өзара түсіністіктің бастауы деп қабылдайды. Ол медицина мамандығын ерте таңдаған және бұл салада толеранттылық пен ізгілік аса маңызды екенін жастайынан түсінген.
«Оқуды Қырғызстанда таңдадым, сол жерде жергілікті дәстүрлер мен мәдениетті жақыннан таныдым. Кейін интернатураға түсіп, оны аяқтаған соң Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудардым. Бұл өңірді таңдауымның себебі – мұнда менің туыстарым тұрады. Олардың көпшілігі де денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Бізді тіпті түрік дәрігерлер әулеті деп атайды: туыстарымның арасында тамыр хирургі, жақ-бет хирургі, онкология, стоматология, нейрохирургия және неврология саласының мамандары бар. Бұған дейін де бұл өңірге жиі келетінмін, әрдайым өзімді жақсы сезінетінмін. Мұндағы менталитет, сабырлы әрі ашық атмосфера ұнайды», – дейді Вали Бедешев.
Вали Бедешев травматология бөлімінде 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған науқасқа медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерді әсіресе түрлі ұлт өкілдері еңбек ететін тату әрі кәсіби ұжымның болуы қуантады.
«Біздің ұжым өте ұйымшыл әрі көпұлтты. Бөлім меңгерушіміз – грек, арамызда қазақтар, орыстар, украиндар және басқа да ұлт өкілдері бар. Бұл өте жақсы, себебі әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрі бар, бір-бірімізбен араласу қызықты. Әртүрлі мерекелерді атап өтеміз, кейде ұлттық киімдер де киеміз. Студент кезімде бірнеше бағытты қарастырдым, бірақ жүрегіме травматология жақын болды. Адамдарға көмектесу ұнайды. Әсіресе, қоларбамен, сүйек сынуымен түскен науқастың операциядан кейін өз бетімен жүріп кеткенін көру – ерекше қуаныш. Оның қуанышы – менің де қуанышым», – дейді дәрігер.
Травматология бөліміндегі жұмыс оңай емес, ол кәсіби шеберлікпен қатар эмоциялық төзімділікті де талап етеді. Мұнда күн сайын ауыр жарақаттар, күйіктер, үсіктер, биіктіктен құлау салдарымен түскен науқастар қабылданады. Әсіресе қыс мезгілінде суықтан болған ауыр жарақаттар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сабырлылық, төзім мен адамгершілік қасиеттер аса маңызды. Вали мен оның әріптестері үшін науқастың ұлты немесе әлеуметтік жағдайы маңызды емес – бастысы, адам өмірін сақтап қалу.
Емдеу ісімен қатар, Вали оқытушылық қызметпен де белсенді айналысады. Ол үшін бұл – жай ғана қосымша жұмыс емес, болашақ мамандарға білім мен тәжірибе беруді мақсат еткен маңызды миссия. Дәрігер студенттермен тәжірибелік дағдылармен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды талдайды.
«Мен түрік, орыс және қазақ тілдерін меңгергенмін. Қазақ тілінде де сабақ беремін – дәрістер мен практикалық сабақтар өткіземін. Маған түрлі ұлт өкілдерінен тұратын студенттер келеді: әзербайжандар, күрдтер және басқа да ұлт өкілдері бар. Жақсы дәрігер, ең алдымен, жақсы адам болуы керек. Сабыр сақтап, эмоцияға берілмей, мейірімді әрі жанашыр болу маңызды. Сонымен қатар үнемі біліктілікті арттырып отыру қажет», – деп атап өтеді Вали Бедешев.
Солтүстік Қазақстан облысында он бір жыл еңбек еткен Вали Бедешев жас маманнан тәжірибелі травматолог-ортопедке дейінгі кәсіби жолдан өтті. Бүгінде оған науқастар да, әріптестер де кеңес сұрап жүгінеді.
«Түркияға туыстарымның қасына барып тұрамын, ол жақта да медицина қарқынды дамып келеді. Бірақ ол жаққа қоныс аудару туралы ой болған жоқ. Маған осында ұнайды, отбасым осында, балаларым мектепке барады. “Туған жерге туың тік” деген осы шығар. Бар тілегім – елімізде бейбітшілік, ашық аспан мен татулық болсын», – дейді ол.
Вали Бедешев үшін медицина – жай ғана мамандық емес, бұл оның өмірлік ұстанымы мен сенімінің көрінісі. Оның өмір жолы медицинадағы басты құндылық – адамға деген құрмет пен жанашырлық екенін, ал өзара түсіністік пен ізгілік арқылы ғана адамдарды біріктіретін үйлесім туатынын көрсетеді.

