Петропавл теміржол вокзалында ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Онда жедел қызмет өкілдері шартты өртті ауыздықтау және жолаушыларды эвакуациялау іс-қимылдарын пысықтады, деп хабарлайды Social Media.

Іс-шара жоспарлы түрде ұйымдастырылып, қаладағы ең қарбалас көлік нысандарының біріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталды.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша өрт сақтау камерасы орналасқан бөлмеде басталып, одан шыққан жалын мен қою түтін вокзал аумағына жайыла бастаған. Шынайы жағдайдағыдай бірінші болып өрт дабылы іске қосылып, кейін өрт сөндірушілер дереу адамдарды эвакуациялауға және «өртті» оқшаулауға кірісті. Барлығы ғимараттан екі жүзге жуық адам ұйымдасқан түрде шығарылды.
Петропавл ТЖБ бастығының орынбасары Болат Жұмажановтың айтуынша, негізгі міндет — багаж сақтау аймағында болуы мүмкін өрт кезінде іс-қимылдарды пысықтау болды. Ол есептоптардың бір мезгілде өртті сөндіру және құтқару жұмыстарын жүргізгенін, ал алғашқы бөлімшенің дереу шартты ошаққа кіріп, әрекетке кіріскенін атап өтті.
Жаттығуға үш қалалық қызметтен 39 маман, сондай-ақ Оңтүстік Орал теміржолының өрт сөндіру командалары қатысты. Оқиға орнында алты арнайы техника жұмыс істеді, оның ішінде он сегіз қабатты биіктікке көтеріле алатын автокран да болды. Қосымша қолдауды үлкен су қорымен келген өрт сөндіру пойызы қамтамасыз етті, бұл теміржол инфрақұрылымындағы ірі өрттерді сөндіру жөніндегі кешенді шараларды пысықтауға мүмкіндік берді.
Теміржол өрт командасы бастығының орынбасары Николай Науменко жеке құрамның тапсырманы ойдағыдай орындағанын, ал бірлескен жаттығулар қызметтер арасындағы өзара әрекеттестікті жолға қойып, шынайы төтенше жағдайлар кезіндегі жұмысты жеңілдететінін атап өтті.
Құтқарушылар мен вокзал қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында шартты өрт ошағы жедел түрде жойылып, оқу-жаттығу еш оқыс оқиғасыз аяқталды. Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің дағдыларын жетілдіруге, төтенше жағдайларға дайындықты жоғары деңгейде ұстауға және тасымалдау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

