Мемлекет басшысының бастамасымен биыл (2025 ж.) Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіледі. 2024 жылы Ұлттық құрылтай отырысында жарияланған бұл шешім – жеке тұлғаның дамуындағы кітаптың рөліне қоғамның назарын бұруға, сондай-ақ жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Social Media.
Мерекелік күнге дайындық аясында 2025 жылғы 14–18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізілді.
Анықтама: сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 190 адам қатысты. Оның ішінде 50,7% – әйел және 49,3% – ер адамдар; 70% – қазақ, 18% – орыс және 12% – басқа этностар; 21% – (18–29 жас), 50% – (30–45 жас), 22% – (46–60 жас), 5% – (61 жастан жоғары).
Сауалнаманың мақсаты – халықтың кітапқа қатысты қызығушылығын зерттеу, кітап оқуға деген жалпы көзқарасты анықтау.
Алынған нәтижелер өзекті тенденцияларды көрсетеді және кітап оқитын ұлтты қалыптастыру әлеуетін жаңа көзқараспен бағамдауға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтардың басым бөлігі (57,3%) тұрақты негізде кітап оқиды. Социологиялық деректер қазақстандықтар кітап оқуды негізінен білім және ақпарат алу үшін пайдаланатынын көрсетеді.
Респонденттердің 31% жылына 1–3 кітап, 26,3% – 3 кітаптан артық оқиды. Бұл көрсеткіш халықтың едәуір бөлігінде оқуға деген қызығушылықтың сақталғанын білдіреді.
Бұл ретте кітапқұмар нәзік жандылардың саны (58,7%) ер азаматтарға (55%) қарағанда көбірек екені байқалады.
Оқуға деген қызығушылық жас санатына байланысты да құбылатыны байқалады: кітап оқуға деген қызығушылық негізінен 18–29 жас аралығындағылар мен аға буын (61 жастан асқан) адамдар арасында басым. Ал 30–45 жас аралығындағы адамдар салыстырмалы түрде аз оқиды.
Алайда, сұралғандардың үштен бір бөлігі (30,6%) уақыттың жоқтығынан мүлдем кітап оқымайтынын мойындады.
Ал сұралғандардың тек 6,2%-ы кітап оқуға ешқандай қызығушылық жоқ деп көрсеткен. Бұл – мүмкіндік жасалса, қоғамның кітапқа қызығушылық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Тарихи мазмұндағы кітаптар – таңдаулы жанрлар рейтингінің көшбасшысы (26,4%). Қазақстандық оқырмандар кітап жанрлары арасында тарих, тарихи романдар, өмірбаяндар және публицистикалық кітаптарға басымдық береді (20,5%).
Әрбір алтыншы таңдау – шытырман оқиғалар, махаббат романдары, детективтер (16,3%).
Одан кейін оқырмандарды қызықтыратын жанрлар арасында: Психология, өзін-өзі дамыту кітаптары (15,4%); Оқулықтар, ғылыми және кәсіби әдебиеттер (8,2%); Классикалық әдебиет (7,7%).
Ерлер мен әйелдер өздері үшін әртүрлі жанрларды таңдайды. Ер азаматтар көбіне тарихи кітаптар, сонымен қатар ғылыми және кәсіби әдебиеттерді таңдайды.
Ал нәзік жандылар шытырман оқиғалар, махаббат романдары, детективтер, сондай-ақ психология мен өзін-өзі дамыту кітаптарын ұнатады.
Жалпы, қазақстандықтардың жанр бойынша қалаулары және мазмұнды әдебиетке деген тұрақты қызығушылығы – интеллектуалды даму мен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысты көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқандардың 50,8%-ы кітаптарды дәстүрлі қағаз форматында, 28%-ы – смартфондар арқылы, 5,3%-ы – электронды планшеттер арқылы оқиды.
Сауалнама деректері цифрлы форматтың кең таралуына қарамастан, қағаз басылым кітаптарының танымалдылығы қазақстандықтар арасында әлі де жоғары екенін көрсетеді. Сұралғандардың жартысына жуығы (50,8%) кітапты дәл осы форматта оқитынын айтқан.
Одан кейін смартфондар – сұралғандардың үштен бірі телефон экранынан оқиды (28%). Қазақстандықтар кітап оқу үшін пайдаланатын басқа да цифрлық құрылғылар – электрондық планшеттер (5,3%) және компьютерлер (3,8%).
Кітап оқудың балама әдісі – оны принтерден шығарып оқу. Мұндай әдісті сауалнамаға қатысқандардың 1,25%-ы көрсеткен.
Смартфон, планшет және компьютер арқылы электронды форматта кітап оқу тәжірибесі жастар (18–29 жас аралығындағы) арасында жиі кездеседі.
Белсенді еңбекке қабілетті жастағылар (46–60 жас) және аға буын (61 жастан жоғары) көбіне дәстүрлі қағаз форматында оқиды.
Айта кету керек, әдетте респонденттер бірнеше ыңғайлы оқу форматтарын қатар қолданады. Ең кең таралғаны – «қағаз кітап пен смартфон» нұсқасы, бұл әсіресе жастар мен орта жастағылар арасында танымал.
Жүргізілген талдау цифрлық құрылғылар қазақстандықтардың оқу тәжірибесінен қағаз кітаптарды толығымен ығыстырады деп айтуға әлі ерте екенін көрсетеді.
Әрбір бесінші қазақстандық М. Әуезовтің «Абай жолы» және Абайдың «Қара сөздерін» оқыған.
Танымал әдеби шығармалар ішінде «Көшпенділер» (І. Есенберлин), «Қан мен тер» (Ә. Нұрпейісов), «Ақ Орда», «Қазақ хандығының тарихы» (Р. Темірғалиев), Бауыржан Момышұлының кітаптар жинағы ерекше көзге түседі.
Шығармалар тізіміндегі абсолютті көшбасшылар – М. Әуезовтің «Абай жолы» және Абайдың «Қара сөздері». Бұл – ұлы ойшыл Абай идеяларының қазіргі қоғам үшін өзекті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ең танымал әдеби шығармалар қатарында – қазақ классиктерінің туындылары.