Сәрсенбі, Наурыз 12, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыҚозыбаев университетіндегі ғылымды дамыту: зерттеулер, инновациялар және серіктестік

Қозыбаев университетіндегі ғылымды дамыту: зерттеулер, инновациялар және серіктестік

Қазіргі таңда ғылым мен технология дамуының маңыздылығы артып, білім беру мекемелері жоғары технологиялық зерттеулер мен инновацияларға ерекше көңіл бөлуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ғылымды дамыту және цифрландыру мәселелері талқыланып, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатыны мәлімделді. Қозыбаев университеті осы стратегиялық міндеттердің бел ортасында тұр. Университетімізді зерттеу университетіне айналдыру – басты басымдықтардың бірі, деп хабарлайды Social Media.

Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Исақаев Ербол Маратұлы атап өткендей: «Білім мен ғылым – ел дамуының басты драйвері. Университетіміз ғылыми әлеуетті арттыруға және зерттеулерді коммерцияландыруға ерекше көңіл бөлуде. Біздің мақсатымыз – тек қана ғылыми жобаларды іске асыру емес, сонымен қатар олардың нақты өндірістік процестерге енгізілуін қамтамасыз ету».

Соңғы алты жылда республикада ғылымды қаржыландыру 6 есеге артып, 2024 жылы 252,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім ғылымның дамуына және зерттеулерді қолдауға зор мүмкіндік береді. 2029 жылға дейін ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1%-на дейін ұлғайтылады.

Қозыбаев университетінде ғылыми зерттеулерге, ғылыми жарияланымдарға және білім алмасуға қолайлы жағдай жасалған. 2024 жылы гранттық қаржыландыру аясында 15 жоба іске асырылып, оның 7-еуін өңірлік кәсіпорындар қаржыландырды. Соңғы үш жылда ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 1 млрд теңгеге өсіп, оның 930 млн теңгесі мемлекеттік бюджеттен, ал 115 млн теңгесі жеке көздерден тартылды.

Жастардың ғылымдағы үлесі айтарлықтай өсті және қазіргі таңда 46%-ды құрайды. Қозыбаев университетінде жас ғалымдар кеңесі жұмыс істеп, студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар ғылыммен айналысуға белсенді түрде тартылуда. Олардың ғылыми-зерттеулерін қолдау мақсатында ректор гранттары бөлініп, стартап-жобалар конкурстары ұйымдастырылуда.

Қозыбаев университетінің бірнеше ғылыми жобалары табысты жүзеге асырылуда. Мысалы, университет ғалымдарының әзірлемелері «СК Протеин» ЖШС өндірістік процестеріне негіз болды. Инвестиция көлемі – 850 млн теңге. Сондай-ақ, Су ғылыми-технологиялық орталығы хлорелла микробалдырлары арқылы су айдындарын тазарту технологиясын әзірлеп, Петропавл, Қостанай және Шымкент қалаларында жоғары нәтижелер көрсетті.

Қазіргі уақытта университет Қазақстан Республикасы Жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру конкурсына қатысу жобасын әзірлеуде. Жоба мақсаты – денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі және Солтүстік Қазақстан облысының тұрақты дамуына ықпал ететін ғылыми-технологиялық орталық құру. Бұл жобаға Қазақстан, АҚШ және Қытай университеттерінің ғалымдары, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар қатысады. Жоба аясында ветеринария бойынша жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылады.

Қозыбаев университеті халықаралық ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатып, әлемдік жетекші университеттермен серіктестік орнатуда. 2022 жылы Аризона университетімен стратегиялық серіктестік жобасы іске қосылып, қос дипломдық бағдарламалар бойынша оқитын студенттердің қатары артты.

Цифрлық ғылыми экожүйе құрылып, 25 мың ғалым мен 400-ден астам ғылыми-зерттеу институттары біріктірілді. Қозыбаев университеті AI-Sana пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Студенттер Huawei, Coursera және Astana Hub платформаларында ЖИ саласындағы құзыреттіліктерді меңгеруде.

Қозыбаев университеті Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жоғары оқу орны ретінде білім беру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің ғылыми әлеуетін дамытуға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ғалымдардың зерттеулерін ілгерілету және қолдау – университет дамуының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер