2023 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба – «Ауыл Аманаты» іске асырылуда. Жобаға 1,8 млрд теңге бөлінді. Бұл бастама ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Social Media.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Токужиновтың айтуынша, жобаны сапалы іске қосу үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. «Аманат» партиясының филиалымен және Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп барлық ауылдық округ әкімдері оқытылып, «Солтүстiк» ӘКК қызметкерлерінің саны артты. Жобаны халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында аудан-аудандарға шығу жұмыстары ұйымдастырылып, бағалау компанияларының мамандары жіберілді.
Облыстың 13 ауданы, 186 ауылдық округі және 635 елді мекені толық талдаудан өтті. Облыс халқының саны – 528 мың адамды құрайды, оның 307 мыңы – ауыл тұрғындары. Өңірдегі орташа жалақы – 258 мың теңге. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш – 251 мың теңге, өнеркәсіпте – 249 мың теңге.
Жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) үлесіне ерекше назар аударылды: өндірілетін еттің 69%-ы, сүттің 61%-ы және жұмыртқаның 27%-ы – осы шаруашылықтарға тиесілі.
Талдау нәтижесінде ауыл тұрғындарының арасында 28 705 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ 8 914 атаулы әлеуметтік көмек алушы анықталды.
Жоба аясында 236 жоба қаржыландырылып, 1,8 млрд теңге бөлінді, нәтижесінде 249 жұмыс орны ашылды. Оның 65%-ы – стартаптар. Негізгі бағыт – мал шаруашылығын дамыту. 1,1 млрд теңгеге 136 жоба жүзеге асырылып, 444 ірі қара мал, 1 546 ұсақ мал, 1 014 жылқы және 1 490 тауық сатып алынды.
«Біз жануарларды Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарынан іздеуге және жеткізуге көмектестік», – деді Даурен Токужинов.
Сонымен қатар, техника мен жабдық сатып алуға (73 жоба – 596 млн теңге), көтерме және бөлшек саудаға (20 жоба – 138 млн теңге), егіншілікке (4 жоба – 34,4 млн теңге) және басқа да бағыттарға қолдау көрсетілді.
Уникалды ауыл кәсіпорындарына да ерекше көңіл бөлінуде. Көкшетау ауданы, Бескөл ауылында орналасқан ИП «Семейная ферма» – соның жарқын мысалы. Мұнда 1 500 басқа арналған бөдене фермасы құрылды. Қазіргі таңда техас және эстон тұқымды 500-ге жуық бөдене бар. Шаруашылық иесі – Радий Сагитов, бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бүгінде айына 500 мың теңгеден астам табыс табады. Фермада 5 адам жұмыспен қамтылған.
Кооперацияны – ЖҚШ мен фермерлердің бірігіп жұмыс істеуін дамыту бағытында да жұмыс жүргізілуде. 140,1 млн теңгеге 6 өтінім мақұлданды. Осы аясында мал, техника мен жабдықтар сатып алынған. Мысалы, «Байрас» ауыл шаруашылығы кооперативі 11,6 млн теңгеге сүт тасымалдайтын көлік алды. Кооперативтің 95 қатысушысы бар және жылына 1000 тоннаға дейін сүтті «РОСТАН» ЖШС-не жеткізеді.
«Әрбір ауылдық округте кооперативтер құрылуы тиіс. Бұл – жұмыс орындарын ашуға және АӘК алушылардың санын азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Токужинов.
2024 жылы 184 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, олардың әлеуеті мен даму басымдықтары анықталды. Өңірдің негізгі мамандануы – мал және егін шаруашылығы. Талдау нәтижесінде ауыл шаруашылығына бейімділігі жоғары, орташа және төмен аудандар анықталды. 2024 жылы 470 микрокредит беру арқылы 480 жаңа жұмыс орнын ашуға 2,8 млрд теңге қажет екені белгілі болды. Ал 2025 жылы жобаға 1,5 млрд теңге бөлініп, 222 микрокредит беріліп, 242 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жол картасы әзірленіп, басым бағыттар айқындалды: шағын құс фермалары, жартылай фабрикаттар өндірісі, жылыжайлар, жүн өңдеу және құрылыс материалдарын шығару.