Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты дәстүрлі Жолдауымен Қазақстан халқына үн қатты. Бұл Жолдау – еліміздің әрі өңірлердің, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының дамуы үшін айқын жол картасы. Онда алдағы жылдардағы негізгі басымдықтар, бизнес пен инвестиция саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер белгіленді, деп хабарлайды Social Media.
СҚО – аграрлық және индустриялық әлеуеті жоғары өңір. Алайда қазіргі заманда табыс тек өндіріс көлемімен емес, заманауи технологияларды енгізумен өлшенеді. Осы тұрғыда Президенттің Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігін құру бастамасы – уақытылы және қажет қадам. Біз, СҚО кәсіпкерлер палатасы, өңір кәсіпкерлерінің цифрлық трансформация үдерісінің алдыңғы шебінде болуына мүдделіміз. Бұл – ауыл шаруашылығын автоматтандырудан бастап клиенттермен заманауи сервистер арқылы жұмыс істеуге дейінгі барлық бағытты қамтиды.
Жолдауда инвестициялық ахуалды жақсартуға да баса назар аударылды. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитетінің орнына Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылуы және 1 млрд долларлық инвестиция тарту бағдарламасының іске қосылуы – халықаралық қауымдастыққа берілген күшті сигнал. Бұл СҚО үшін де маңызды, өйткені біздің өңір ірі аграрлық және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға дайын.
Президент елімізде өнеркәсіптік өндірісте жүйеліліктің жоқ екенін атап өтіп, жаңа жоғары технологиялы кәсіпорындар ашуды тапсырды. СҚО – еліміздің «астық қоймасы». Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобаларды дамытуға зор мүмкіндік бар. Агрохабтар мен логистикалық орталықтардың құрылуы өңіріміздің экспорттық әлеуетін едәуір арттырып, Солтүстік Қазақстанды жаңа деңгейге көтермек.
Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы – Ұлттық әуе жүк тасымалдаушысын құру және жүк пен сәлемдемелерді жеткізуде пилотсыз көлікті дамыту. Бұл бастама СҚО үшін ерекше мәнге ие, өйткені біздің өңір Қазақстанды Ресеймен және ЕАЭО елдерімен байланыстыратын маңызды транзиттік торабы болып табылады.
Сондай-ақ Президент бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік реттеудің үлесін қысқартуды тапсырды. Бұл – СҚО кәсіпкерлері үшін аса өзекті мәселе. Сондықтан біз «Реттеушілік интеллект орталығының» құрылуын және «мемлекет – бизнес үшін» қағидатына көшу бастамасын толық қолдаймыз.
Қорытындылай келе, Президент Жолдауы – Солтүстік Қазақстан облысы үшін нақты бағдар. Өңіріміз агроөнеркәсіп, цифрлық технологиялар және логистика саласында үлкен әлеуетке ие. СҚО кәсіпкерлер палатасы мемлекетпен және инвесторлармен бірлесе отырып, осы міндеттерді жүзеге асыруға дайын. Сенімдіміз: бірлескен күш-жігеріміздің арқасында СҚО Қазақстан дамуының басты драйверлерінің біріне айналады.