Сәрсенбі, Мамыр 7, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыДенсаулығы мықты ұрпақ – болашақтың тірегі

Денсаулығы мықты ұрпақ – болашақтың тірегі

Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасау – мемлекет үшін басымдыққа ие міндеттердің бірі. Бұл бағыт – денсаулық сақтау мен бұқаралық спортты дамытудың негізі ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді, деп хабарлайды Social Media.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының уақытша басшысы Әділхан Сағындықовтың айтуынша, бүгінде басты мақсат – әрбір балаға спортпен айналысуға тең мүмкіндік беру:
«Салауатты ұрпақ – қуатты мемлекеттің іргетасы. Біз тек кәсіби спортшыларды емес, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ тәрбиелеуге тырысамыз», – деді ол.

2024 жылы еліміз бойынша 74 жаңа спорттық нысан бой көтерді. Сонымен қатар, 240 мыңнан астам бала тегін түрде 7,5 мыңнан аса спорт секциясына қатысуға мүмкіндік алды. Келер жылы бұл көрсеткіш 300 мың балаға дейін ұлғайып, 10 мың секцияны қамту жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысында да бұл бағыт белсенді дамып келеді. Өңірде бір жыл ішінде 36 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында ДШС кешендері, жабық хоккей корттары, шағын футбол және басқа да алаңдар бар. Бұл жұмыстар спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейін 53,8%-дан 57,3%-ға дейін арттырды.

Өңірде 28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 14 мыңнан астам бала тегін спортпен айналысады. Бұл – жай сандар емес, әрқайсысы – бір баланың болашағына салынған инвестиция.

Балалар спортын дамыту шеңберінде 2024 жылы қосымша 14 спорт түрі бойынша секциялар ашылды. Бүгінде облыста 648 жаттықтырушы еңбек етеді. Олар үшін жүйелі түрде кәсіби даму курстары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – 2025 жылдың ақпанында Петропавл қаласында өткен, 120-дан астам маманды қамтыған тегін оқыту курсы.

Облыстық БЖСМ спортшылары былтыр халықаралық және республикалық додаларда 414 медаль жеңіп алды. Облыстық деңгейдегі жарыстарда мыңға жуық жүлде қоржынға түсті. Жаңа есімдердің қатарында Кристина және Инесса Шумековалар, Анна Стратан, Михаил Подлужный, Диас Омаров сынды жас таланттар бар – барлығы өз спорт жолын БЖСМ қабырғасынан бастаған.

Ата-аналар өз балаларын спорт секцияларына жазу үшін тікелей БЖСМ-ге барып немесе 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл – мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асырудың тиімді құралы.

«Біз спортты уақытша үрдіс емес, қоғамның тұрақты жүйесіне айналдырудамыз. Бүгінгі балалардың денсаулығына жасалған әрбір қадам – ертеңгі мықты ұлттың кепілі», – деді Әділхан Сағындықов.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер