Жұма, Қараша 14, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыЭнергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

Петропавл қаласында Сабит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Солтүстікқазақстандықтар вице-министрге көкейлеріндегі бірқатар сұрақтарын қойып, өңірдегі энергетика саласының даму жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Social Media.

Кездесу барысында вице-министр энергетика саласында атқарылып жатқан жұмыстар, жылыту маусымының өту барысы және энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.

«СҚО-да 400 шақырымнан астам электр беру желілері мен 43 қосалқы станция мен трансформаторларға жөндеу жүргізілді. Жылумен қамтамасыз ету саласында 4 жоба жүзеге асырылуда, соның ішінде Петропавл қаласында Жабаев – Шажымбаев – Жаңа – Алтынсарин көшелері бойымен жылу магистралі салынып жатыр. Сондай-ақ 7,6 шақырым жылу желілеріне реконструкция мен күрделі жөндеу жүргізілді. “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында бұл жұмыс 2029 жылға дейін жалғасады», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Өңірде алдағы бес жыл ішінде шамамен 7 мың шақырым электр желісін жаңарту және 66 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланған.

Кездесуден кейін тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, Тамирлан Айтмұхамбетов қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты Уәлиханов және Ақжар аудандарында жиі болатын электр қуатының ажыратылуы мәселесін көтерді.

«Мен өзім Петропавл тұрғынымын, бірақ Уәлиханов және Ақжар аудандарына жиі барамын. Қыста боран мен жел кезінде жарық жиі өшіп қалады. Электрмен сенімді қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қарастырылған?» – деп сұрады ол.

Министрлік өкілдері Уәлиханов және Ақжар аудандары аумағында электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру мақсатында сақиналы электр жеткізу желісін салу жоспарланғанын атап өтті.

«Алғашқы жобалар өте қымбат болды. Соңғы нұсқасы шамамен 6 миллиард теңге көлемінде қаржы талап етеді. Келесі жылы осы желінің құрылысы басталады деп ойлаймын. Жаңа желі міндетті түрде қажет, оны екі жыл ішінде аяқтауымыз керек. Ал ескі желі резерв ретінде қалуы мүмкін немесе тым тозған болса, басқа шешім қабылдаймыз», – деді вице-министр.

Кездесуде тұрғындар Петропавлдағы жылыту маусымының барысына да қызығушылық танытты, себебі биыл жаңа түтін мұржасы іске қосылған болатын. Азаматтарды алдағы қыста жылумен үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз етіле ме деген мәселе толғандырды.

Айтылғандай, Петропавл ЖЭО-2 нысанында барлық қажетті жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізілген, станцияда жеткілікті көмір қоры бар – қазіргі таңда қоймада 177 мың тонна отын сақталған. Сонымен қатар келесі жылға ауқымды жөндеу науқаны жоспарланған.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту, мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және өңірді газдандыру мәселелерін де көтерді. Газдандыру бойынша Сұңғат Есімханов бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын, алайда оның күрделі әрі ұзақ мерзімді процесс екенін атап өтті. Алдын ала болжам бойынша, бұл жобаның толық аяқталуы 2030 жылға қарай күтілуде, бірақ бұл мерзім әзірге алдын ала сипатта.

Вице-министр барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары министрлік пен тиісті ұйымдар деңгейінде қарауға қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер