Солтүстік Қазақстан облысының “Құлагер” хоккей клубында күтпеген оқиға орын алды. Өткен жылдың желтоқсанынан бері клубта команда басшысы қызметін атқарып келген, сенімді адам саналған Сергей Филь кенеттен жоғалып кетті. 24 қыркүйектен бастап ол байланысқа шықпай, содан бері оның қайда екені белгісіз, деп хабарлайды Social Media.
Клубтағылардың айтуынша, Филь қысқа уақыттың ішінде ұжымның сеніміне ие болған. Ол тек қызметтік міндеттерімен шектелмей, ойыншыларға тұрмыстық мәселелерде көмектесіп, хоккейшілердің отбасыларын қарсы алып, балаларын балабақшаға дейін жеткізіп жүрген. Клуб директоры Игорь Шерстов Сергейдің командамен сенімді қарым-қатынас орнатқанын айтады.
“Ол ресми түрде жұмысқа орналасқан, “Enbek” порталында тіркелген. Барлық салық пен зейнетақы аударымдары уақытында төленіп отырды. Егер құқық қорғау органдары тарапынан сұрақтар туындаса, ол туралы бірден белгілі болар еді. Әзірге алдын ала қорытынды жасау ерте — істі тергеу анықтайды”.
Алайда оның жоғалуымен бірге даулы айыптаулар пайда болды. Алдын ала деректер бойынша, Ресей Федерациясының бірнеше азаматы Қазақстан азаматтығын рәсімдеп беремін деген уәдемен Фильге ақша берген, бірақ кейін ол жоғалып кеткен. Төрт зардап шеккен азамат полицияға арыз түсірген.
Қызығы, ресми тұрғыда Сергей Филь әлі де команда басшысы болып саналады. ҚР еңбек заңнамасына сәйкес, клуб оны біржақты тәртіппен жұмыстан босата алмайды — ол тек қызметкердің жұмысқа шықпағанынан кейін бір ай өткен соң ғана мүмкін болады.
Бұл оқиға айналасын екі лагерьге бөлді. Бірі Фильді негізсіз өсек пен «қылмыстық өткен» туралы қауесеттің құрбаны деп санайды. Екіншілері оның жоғалуында нақты алаяқтық белгілері бар деп есептейді.
Қазірше сұрақ көп, ал жауап аз. Сергей Филь шынымен де командаға адал қызмет еткен жан ба, әлде сенімді алдап кеткен адам ба? Бұл сұраққа нүктені құқық қорғау органдары қоюы тиіс.