7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Social Media редакциясы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментіне қарасты «Аралағаш» шекара заставасының бастығы, капитан Мұқаш Сағындық Төреханұлымен тілдесіп, оның әскери жолы мен елге қызмет ету жайлы ойларын білдік.
Алматы облысының тумасы Сағындық Төреханұлы бала кезден-ақ шекараны күзетіп, ел тыныштығын сақтауды армандаған. Ол әскер қатарына шақырылғаннан кейін шекара қызметінің маңызын терең түсініп, бұл жолды саналы түрде таңдаған. 2018 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясын тәмамдаған соң, Солтүстік өңірге қызметке жіберілді.
Қызмет жолын застава бастығының орынбасары болып бастаған офицер, кейін арнайы мақсаттағы топтың (1-топ) бастығы болды. 2022 жылдың 28 қарашасынан бастап «Аралағаш» шекара заставасының бастығы қызметін атқарып келеді.
Капитанның айтуынша, нағыз Отан қорғаушысы болу үшін тәртіпке бағыну, моральдық тұрақтылық, физикалық төзімділік пен тез әрі дұрыс шешім қабылдау қабілеті қажет. Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істей білу, кәсіби шеберлікті ұдайы жетілдіру де маңызды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы шекаралық қызмет ерекше жауапкершілікті талап етеді. Мұнда тек шекара бұзушылармен емес, қатал климат жағдайларымен де күресуге тура келеді. Қыс мезгілінің ұзақтығы, көрінбеу мен жолдардың нашарлығы – әскери қызметті күрделендіретін факторлар.
«Мұндай жағдайда бейімделе білу, жағдайды дұрыс бағамдай алу және шұғыл шешім қабылдау қабілеті әр сарбаз үшін аса маңызды», – дейді капитан Мұқаш.
«Аралағаш» заставасының ұжымы әскери дәстүрлерге бай. Мұнда тарихи күндер ерекше атап өтіледі, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, әскери рухты көтеруге бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Өзара көмек, үлкенге құрмет, елге адалдық пен Отанға деген сүйіспеншілік – ұжымның негізгі құндылықтары.
Офицердің есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – бірнеше адамның шекараны заңсыз кесіп өту әрекетін дер кезінде тоқтату. Жедел ақпарат пен жеке құрамның үйлесімді әрекетінің арқасында заң бұзушылар қолға түсіп, шекара тұтастығы сақталған.
«Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Шекарашылар күні, Республика күні – біздің ұжым үшін ерекше маңызға ие. Бұл күндері саптық жиындар өткізіліп, үздік қызметкерлер марапатталады, ардагерлермен кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл – тек мереке емес, бұл – Тәуелсіздіктің, бейбіт өмірдің қадірін ұғынатын күн», – дейді ол.
Патриоттық тәрбие туралы ой бөліскенде капитан отбасы мен мектептің рөлін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел тарихына құрмет бала кезден қалыптасады. Әскери-патриоттық клубтар, экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер – жас буынның сана-сезімін оятуға ықпал ететін маңызды құралдар.
«Жас буынға айтарым – тәртіпке, дене шынықтыруға, үнемі білім алуға дайын болу керек. Шекара қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Егер жүрегіңіз Отанға адал қызмет етем десе – бұл сіздің жолыңыз», – деп түйіндеді ол.
Сағындық Мұқаш бүгінде ел шекарасын күзетуде абыроймен қызмет етіп, жастарға үлгі көрсетіп, әскери борышын үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.