Жұма, Шілде 18, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыНаталья Богданова – әлем чемпионы: СҚО-да алтын жүлдегерді салтанатты түрде құттықтады

Наталья Богданова – әлем чемпионы: СҚО-да алтын жүлдегерді салтанатты түрде құттықтады

Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Наталья Богданова Астанада өткен бокстан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл тарихи жетістігі үшін бүгін Петропавлда, облыс әкімдігінде чемпионды ерекше құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Social Media.

25 жастағы Наталья – Петропавл қаласының тумасы. Ол бокспен жеті жылдан астам уақыт айналысып келеді. Бұған дейін жеңіл атлетикамен шұғылданған спортшы кейінірек өзін бокста сынап көруге бел буған. Бұл чемпионатта Наталья алғаш рет 70 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Бұған дейін мұндай санатта өнер көрсетпегенімен, әрбір қарсыласына жеке дайындалып, барынша ұтымды тактика құрып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров чемпионды шын жүректен құттықтап, оған 5 миллион теңгенің, ал жеке бапкері Дастан Кабденовке 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

«Бұл – таңқаларлық тәртіптің, жоғары кәсібиліктің және жеңіске деген мызғымас ерік-жігердің нәтижесі. Наталья – облысымыз бен еліміздің спорттағы мақтанышы. Шын жүректен алғысымды тек Натальяға ғана емес, оның жаттықтырушысы Дастан Кабденовке де білдіремін. Сіздердің бірлескен еңбектеріңіз, табандылық пен жеңіске деген сенім – жастарға үлгі, өңір спортының беделін арттырып отыр. Сіздер жас буынды армандауға, талпынуға, үздік болуға рухтандырасыздар. Наталья, сіздің жеңіс жолыңыз – бәріміз үшін үлкен мақтаныш», – деді өңір басшысы.

Натальяның айтуынша, жарысқа дайындық ұзақ әрі тыңғылықты болған. Әрбір қарсыласқа жеке тактика жасалып, барлық жекпе-жек мұқият талданып отырған. Бұл салмақ дәрежесі – ол үшін мүлде жаңа деңгей. Бұған дейін Наталья 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен болатын. Финалда ол Австралиялық спортшы Лекейша Перголитимен кездесіп, қиын әрі шиеленісті жекпе-жекте айқын жеңіске жетті.

«Біз қайтадан чемпион атандық. Жасаған еңбегіміз зая кеткен жоқ. Үлкен қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Бұл мен үшін өте жауапты жарыс болды. Барлық қарсыластар мықты әрі атақты спортшылар еді. Мен бұл салмақта бұрын-соңды жұдырықтасқан емеспін, бірақ жаттықтырушыммен бірге әр қарсыласқа арнайы жоспар құрып дайындалдық. Келесі чемпионатқа дейін аздаған үзіліс болады. Содан кейін бірден жаттығуға қайта кірісеміз», – дейді Наталья Богданова.

Алдағы уақытта Наталья жаңа белестерге дайындалмақ. Келесі әлем чемпионаты қыркүйек айында Англияда өтеді. Сол додаға дайындығын спортшы жаттықтырушысымен бірге Шымкент қаласының маңындағы таулы жерде бастап кетпек. Айта кетейік, екі жыл бұрын Наталья Азия чемпионатында қола медаль иеленген болатын. Ал өткен жылдың қазан айында оған пәтер кілті табысталды.

Бүгінгі алтын жеңіс – бұл тек жеке жетістік емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан спортының биік деңгейін тағы бір дәлелдеген маңызды оқиға. Натальяның жеңісі – жаңа буын спортшылары үшін үлкен мотивация мен үміт нышаны.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер