Қалалық тұрғын Воронье аралында орналасқан демалыс базаларының бірінің маңында жоғалып кеткен. Оның айтуынша, аяғы ауыр танысы үшін шақырылған жедел жәрдем көлігіне қарсы жүруге шыққан сәтте қатты уайымдап, бағытынан жаңылып қалған. Бұл туралы Social Media хабарлайды.
Эмоциялық күйзеліс пен бейтаныс жер жағдайды қиындатып жіберген – бойжеткен бағдарын жоғалтып, кері жолды таба алмаған. Адасып кеткенін түсінгеннен кейін ол бірден полицияға 102 нөмірі арқылы қоңырау шалған.
«Қоңырауды Қызылжар ауданына қарасты қала маңындағы полиция бөлімінің кезекші инспекторы қабылдады. Болжалды орналасқан жерге Петропавл қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының ең жақын экипаждары шұғыл түрде жіберілді. Орман алқабы мен Пёстрое көлінің жағалауын тексеру барысында полицияның аға лейтенанты Бейбіт Кереев пен полиция лейтенанты Анатолий Божко көмек сұраған дауыс естиді», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Қыз бала батпақты жердің ортасындағы шағын аралда тоңып, киімі малмандай су болған күйде табылды. Полицей суға түсіп, өткел тауып, қызды қауіпсіз жерге алып шықты.
Құқық қорғау органдары табиғат аясында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және өзіңізбен бірге әрдайым ұялы телефон алып жүруді ескертеді. Сонымен қатар, осындай жағдайларда геолокация функциясы қосулы «102» мобильді қосымшасы пайдалы болар еді. Мұндай технологиялар жедел көмек көрсету мүмкіндігін арттырып, төтенше жағдайларды жедел шешуге септігін тигізеді.