Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында өңірлік форум өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, күш құрылымдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ психологтар мен журналистер қатысты, деп хабарлайды Social Media.
Форумның күн тәртібі «Жауынгерлік рух және қарулас бауырластық: жеке құрамның бірлігін нығайтудың психологиялық тетіктері» тақырыбына арналды. Кездесу офлайн форматта өтіп, қоғам мен әскер арасындағы диалогтың маңызды алаңына айналды.
Форумды республикалық қоғамдық бірлестік – «Солдат аналар комитеті «Аналар жүрегі» Петропавл қаласы әкімдігі мен Ұлттық ұлан академиясының қолдауымен ұйымдастырды. Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Фарида Баубекова қоғам мен мемлекет үшін ең басты құндылық – адам екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір сарбаз бен офицер – бір отбасының мүшесі, ата-ананың үміті және елдің болашағы. Ол Комитет құрылған сәттен бастап армия мен азаматтар арасындағы дәнекер рөлін атқарып келе жатқанын, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп, отбасыларды қолдап, қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайтуға үлес қосып келе жатқанын айтты.
Талқылау барысында қатысушылар әскери қызметшілердің отбасылары кездесетін қиындықтарға назар аударды. Көптеген отбасылар үшін бұл – жақындарының өмірі мен денсаулығына алаңдаушылық қана емес, сонымен қатар құқықтық және психологиялық қолдауға деген қажеттілік. Мұндай кездесулер қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
Kozybayev University психологиялық қызметінің жетекшісі Павел Моисеев өз пікірін білдіріп, әскери ұжымның бірлігін қамтамасыз етудің психологиялық тетіктері жақсы зерттелгенін және тәжірибеде қолданылып келе жатқанын айтты. Алайда, оның сөзінше, қазіргі жас ұрпақтың психологиялық ерекшеліктері жаңа тәсілдерді қажет етеді. «Бүгінгі жастар – ертең Отан қорғауға тұратын азаматтар, сондықтан олардың ерекшеліктерін ескеру өте маңызды», – деді ол.
Форум тек өзекті мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, сонымен бірге әскер мен қоғам арасындағы ашық қарым-қатынастың үлгісіне айналды. Мұндай бастамалар халықтың күштік құрылымдарға деген сенімін арттырып, патриотизм мен құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ азаматтар мен қарулы күштер арасындағы берік байланысты қалыптастыруға ықпал етеді.