Петропавл қаласының ауасын ластаушы ірі кәсіпорындардың ішінде «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның үлесі ерекше байқалады. Солтүстік Қазақстан облысында 1 және 2 санаттағы кәсіпорындардан шығатын жалпы 34,5 мың тонна ластаушы заттардың 70 пайыздан астамы осы кәсіпорынға тиесілі. Петропавл ЖЭО-2-нің стационарлық көздерінен түсетін 25,5 мың тоннадан астам шығарындылар өңірдің экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Social Media.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ — жылу мен электр энергиясын өндіретін, бір-бірімен технологиялық тұрғыдан тығыз байланысты бірнеше өндірістік цехтар мен нысандардан тұратын кешен. Кәсіпорынның негізгі өндірістік алаңы Петропавл қаласының солтүстік-шығысындағы Я.Гашек көшесі, 28 мекенжайында орналасқан және табиғатты пайдалану объектілерінің I санатына жатады. Сонымен қатар, компания Малое Белое ауылынан 3,7 шақырым жерде орналасқан күл үйіндісін де пайдаланады.
2025 жылғы 3 маусымда берілген экологиялық рұқсатқа сәйкес, кәсіпорынға жылына 38,2 мың тоннадан аспайтын көлемде шығарындылар өндіруге рұқсат етілген. Ал биылғы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша нақты шығарындылар 19,3 мың тоннаны құрады. Бұл – рұқсат етілген көлемнен айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Кәсіпорын экологиялық заңнама талаптарын сақтау мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді. Өндірістік экологиялық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. ҚР Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, I санаттағы объектілер қоршаған ортаға түсетін эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйесі арқылы бақылауға міндетті. Мұндай жүйелер нақты уақыт режимінде ластаушы заттардың мөлшерін өлшеп, деректерді тікелей уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне жібереді.
Заңнамаға сәйкес, МАЖ келесі критерийлерге сай келетін стационарлық көздерге орнатылады: жылына 500 тоннадан астам ластаушы заттар шығаратын көздер; қуатты қазандықтар мен электр станциялары; сондай-ақ су нысандарына тікелей сарқынды су ағызатын объектілер. Солтүстік Қазақстан облысында осы талаптарға толық сәйкес келетін кәсіпорындардың бірі – «СЕВКАЗЭНЕРГО». Мұнда автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып, ақпараттық жүйеге қосылған.
Кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Николай Сергеевич Максимовтың айтуынша, негізгі мақсат – қоршаған ортаға теріс әсерді азайтып, шығарынды көлемін тұрақты түрде төмендету. Ол компанияда атқарылып жатқан жұмыстар туралы былай дейді:
— «Біз экологиялық талаптарды орындау ғана емес, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосу үшін жұмыс істейміз. Автоматтандырылған мониторинг жүйелері шығарындылардың нақты көлемін үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Бұл — ашықтықты арттырумен қатар, бізге өндірістік процестерді жедел түрде реттеуге жағдай жасайды».
Петропавлдың ірі энергокәсіпорны соңғы жылдары экологиялық әсерді төмендетуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізді. Олардың қатарында қазандық жабдықтарын жаңғырту, күл жинау жүйелерін жетілдіру, санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, суды тиімді пайдалану және қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту бар.
Өңірдің экологиялық жағдайына елеулі ықпал ететін кәсіпорындардың бірі ретінде «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ ашық әрі жауапты экологиялық саясат жүргізуді жалғастыратынын атап өтті. Компания алдағы уақытта да өндірістегі зиянды шығарындыларды азайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.

