Соңғы сегіз жыл бойы Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Сукманюктің өмірі аурухананың төрт қабырғасында өтіп келеді. Оның әрбір күні – күреске, үміт пен шыдамға толы. Татьянада екі бүйрек те жоқ: алғашқысы 21 жасында, екіншісі екі жылдан кейін алынған. Қазіргі таңда оның өмірі гемодиализ процедурасына тәуелді. Бүйрек трансплантациясы – толыққанды өмірге қайта оралуының жалғыз жолы. Операцияның жалпы құны шамамен 40 миллион теңгені құрайды. Бұл соманы өз күшімен жинау Татьянаға мүмкін емес, сондықтан ол ел азаматтарынан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Social Media.
Татьянаға 2017 жылдың сәуір айында созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің V сатысы диагнозы қойылған. Сол уақыттан бері ол тұрақты түрде гемодиализ процедурасынан өтіп келеді. Алайда бірнеше айдан соң денсаулығы күрт нашарлап, бір бүйрегін алып тастауға тура келген.
«Тамыз айында дене қызуым көтерілді. Диализді өткізіп жібере алмадым. Жүргізуші мені алып келді. Қосқаннан кейін жарты сағат өткен соң денем дірілдеп, ысып-салқындап, халім нашарлады. Температурам 40,1 градусқа дейін көтерілді. Жансақтау бөлімі шақырылып, шұғыл түрде КТ және УДЗ жасалды. Диагноз: киста жарылып, ағзада іріңді процесс жүріп жатыр. Ол кезде мен бөтен қалада жалғыз болдым. Ешкімнен көмек сұрай алмадым», – дейді Татьяна.
Екінші операция 2019 жылы орын алды. Ол кезде Татьяна Сергеевка ауылында атасының үйінде қонақта болатын. Сол күні әкесінің онкологиялық дерттен қайтыс болғаны туралы суыт хабар келіп, ол үлкен күйзеліске түсті. Таңертең бел аймағында қатты ауырсыну басталды.
«Денеме қанжар сұғып алғандай болды. Қозғала алмадым. Атам жедел жәрдем шақырып, мені аудандық емханаға жеткізді. Онда ешқандай тексерусіз аппендицит диагнозын қойды. Бірақ бала күнімде аппендиксімді алып тастаған еді. Соған қарамастан, операция жасаймыз деді. Кейін ішім ісіп, аяқ-қолым жұмысын тоқтатты. Қан тапсырып едім – гемоглобин деңгейі 24, артериялық қысым 60/40 болды», – дейді ол.
Осы жағдайдан кейін аудандық аурухананың бас дәрігері Петропавлдағы гемодиализ бөлімшесімен байланысып, Татьяна шұғыл түрде қалаға жеткізілді. Облыстық ауруханада КТ және УДЗ нәтижесінде екінші бүйрегінің жарылып, ішкі ағзада ірің пайда болғаны анықталып, шұғыл ота жасалды.
«Дәрігерлер: «Тағы екі күн кешіккенде, тірі қалмас едіңіз» деді. Ол кезде туыстарым әкемнің жерлеу рәсімінде болғандықтан, қасымда ешкім болмады. Тек жақын құрбым Настя ғана қасымда болып, жан-жақты қолдау көрсетті», – дейді Татьяна.
Соңғы сегіз жылда Татьяна бірнеше ауыр медициналық процедуралардан өтті: екі бүйрегін алып тастау, онкологиялық күдікпен аяқ башпайының ампутациясы, үш фистула орнату (екеуі жарамсыз болып қалған), микроинсульт жағдайын бастан өткерді. Осы ауыртпалықтарға қарамастан, Татьяна өмірге деген құлшынысын жоғалтқан жоқ.
«Бастапқыда өмірдің мәні жоқ деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе күн сәулесіне, жақын адамның қоңырауына, көшеде күлімсіреген бейтанысқа қуана білуді үйрендім. Қазір де қорқыныш бар, бірақ мен оған қарап тұрып: «Мен өмір сүремін. Мен трансплантацияға дейін жетемін» деп айта аламын. Мен бұл сынақты еңсеремін деп сенемін», – дейді ол.
Татьяна үшін толық өмірге оралатын жалғыз мүмкіндік – бүйрек трансплантациясы. Қазіргі таңда ол Беларусь Республикасының Минск қаласындағы клиникадан үміт күтеді. Бұл клиникада мәйіттік донордан бүйрек ауыстыру операциясы жүргізіледі. Дәрігерлер оның жағдайын қарауға дайын, алайда барлық тексерулер мен операцияның құны 75 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражатты жинау Татьяна үшін мүмкін емес.
«Неліктен Минск? Қазақстанда тек туыстық донор арқылы ғана операция жасалады. Ал менің жақын туыстарым арасында сәйкес донор табылмады. Атама да донор болуға рұқсат берілмеді – жасы 55-тен асқан. Минскіде мәйіттік донор арқылы операция жасалады және күтім мерзімі 1 айдан 9 айға дейін. Бұл – менің жалғыз үмітім. Мен рухани мықтымын, бірақ ел азаматтарының көмегінсіз бұл жолды жүріп өте алмаймын. Өтінемін, өмірімді сақтап қалуға көмектесіңіздер», – дейді Татьяна.
Ол ұзақ уақыт бойы көмек сұрауға ұялып келген. Алайда қазір түсінді – үнсіздік өлімге алып келуі мүмкін. Ол ел ішіндегі қайырымды азаматтардың қолдауымен бұл қиындықтан өтіп, жаңа өмір бастауға үміттенеді.
Қаржылай көмек көрсеткісі келетіндер үшін:
Kaspi Bank, Halyk Bank, QIWI әмиян және Simply арқылы аударым жасауға болады.
Алушының нөмірі: +7 705 433 61 65 (Татьяна Сукманюк)