Өткен демалыс күндері Петропавлда күш пен төзімділіктің нағыз мерекесі өтті – мұнда пауэрлифтингтен қала чемпионаты ұйымдастырылды, деп хабарлайды Social Media.
Кең залда Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген ондаған спортшы штангамен отырып-тұру, жатып сығымдау және станок тарту сияқты классикалық үш жаттығуда өз мүмкіндіктерін сынап көрді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс 7-15 қыркүйек аралығында Семейде өтетін Қазақстан чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болды.
«Пауэрлифтинг – күштік үшсайыс. Біз мұндай чемпионаттарды жылына төрт рет өткізуге тырысамыз. Олар спортшыларды ірі, соның ішінде республикалық деңгейдегі сайыстарға дайындау үшін қажет», – деді СҚО пауэрлифтинг бойынша аға жаттықтырушысы Виктор Верхозин.
Бұл турнирге 52 спортшы тіркелді – жасөспірімдерден бастап ардагерлерге дейін. Қатысушылар түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төрешілер техникалық талаптардың орындалуын қатаң қадағалады.
«Бізде жас шектеуі жоқ. Бүгін бозбалалар да, тәжірибелі спортшылар да жарысып жатыр. Жаңа буынның келіп жатқаны қуантады. Өйткені өңірде пауэрлифтинг әзірге кең таралған жоқ, бірақ біз оны дамытуға тырысып жатырмыз», – деді Виктор Верхозин.
Чемпионаттың тағы бір ерекшелігі – көптеген спортшылар үшін бұл алғашқы тәжірибе болды. Жарысқа тәжірибелі атлеттермен қатар спорт жолын енді ғана бастаған жастар да қатысты.
Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері әрі спорт шеберлігіне кандидат Владимир Кузнецов жарақатынан кейін алғаш рет жарысқа шықты:
«Бүгін жай ғана қызығушылық үшін келдім. Нәтиже үшін жарысқан жоқпын, тек өзімді байқап көргім келді. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, атмосфера да тамаша. Жастардың өзін көрсетуге мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымын», – деді ол.
Ал 16 жастағы Никита Жақұпов үшін бұл алғашқы сын болды:
«Бұл менің алғашқы жарысым, дебютім. Ол жайлы кеш білдім, дайындалуға бар болғаны екі апта уақытым болды. Сонымен қатар, салмақ та түсіру қажет болды – үш күнде бес келі тастадым. Әрине, бұл нәтижеге әсер етті. Бірақ жарысқа шығып, турнирдің атмосферасын сезінгеніме қатты қуаныштымын», – деді жас спортшы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионаттар жаңа көшбасшыларды анықтап қана қоймай, Солтүстік Қазақстан облысында күш спортын дамытуға серпін береді. Қазірдің өзінде өңірде бірнеше спорт шебері бар, олар тұрақты түрде ұлттық жарыстардан жүлде алып жүр.
«Әр Қазақстан чемпионатына қатысу – спорт шебері нормативін орындауға мүмкіндік. Бастысы – жаңа буын өсіп келеді. Егер олар еңбектене берсе, СҚО-дағы пауэрлифтингтің болашағы зор», – деді Виктор Верхозин.
Жарыс спорттық жігер мен өзара қолдаудың жоғары деңгейінде өтті. Бірі үшін бұл – ұлттық чемпионат алдындағы дайындық сынағы болса, енді бірі үшін үлкен спорттағы алғашқы қадам болды. Бірақ барлығын біріктірген құндылық біреу еді: күшке, темірге және өзін-өзі жеңуге деген құштарлық.