«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің қатысуымен азаматтарды қабылдау өтті. Кездесу барысында қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеке түрде айту мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Social Media.

Тұрғындар баспана, инженерлік желілердің жағдайы және аумақтарды абаттандыру мәселелерін көтерді.
Қабылдауға келгендердің бірі – І топтағы көру қабілеті бойынша мүгедек Клавдия Темирова. Оның айтуынша, ол 2016 жылдан бері тұрғын үй алу кезегінде тұр, алайда кезек жылжымай, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Әкім тиісті қызметтерге жағдайды зерделеп, мәселені қарау процесін жеделдетуді тапсырды.

Тағы бір қала тұрғыны Ольга Демидова Алтынсарин көшесіндегі кәріздік сорғы станциясын жөндеу және Тәштітов көшесінен №20 үйдің ауласына дейінгі жол учаскесін абаттандыру мәселесін көтерді. Қала басшысы бұл ауданда жол жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын атап өтіп, аталған учаскені ағымдағы жөндеу жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Бұдан өзге, қабылдау барысында қала тұрғындарын алаңдатқан басқа да мәселелер қозғалды. Кездесу қорытындысы бойынша Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев тиісті ведомстволарға барлық өтініштерді мұқият қарап, олардың әрқайсысы бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

