Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жергілікті тұрғынға қатысты істі қарады. Әйел адам қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне құрметсіздік танытқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Social Media.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың 10 қазанында №1 қалалық емхананың фельдшері пәтерлерді аралау жұмыстарын жүргізу барысында медициналық есепте тұрған әйелдің тұрғылықты жеріне барған.
«Қызметтік міндетін орындау кезінде медицина қызметкері пациенттің агрессивті әрекетіне тап болды. Әйел бөтен адамдардың көзінше фельдшерге балағат сөздер айтып, оны баспалдақ алаңынан қуып шығуға тырысқан. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындады. Сот оның әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша саралады», – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушының жасын және әкімшілік қамау қолдануға болмайтынын ескерді. Нәтижесінде оған 82 572 теңге көлемінде айыппұл салынды. Заңнамаға сәйкес, ол айыппұлды 30 пайыздық жеңілдікпен қысқартылған мерзімде төлеу мүмкіндігіне ие болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

