Астанада Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттаудың XVII салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Social Media. Петропавлдағы «Sensitive» естімейтін бишілер театрының шығармашылық ұжымы «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды.
«Жан Шуақ» сыйлығы жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Солтүстік Қазақстан ансамблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде ол тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік сахнада да танымал болды. Биыл Франциядағы «Sensitive» халықаралық фестивалінде Канн креативті өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы болып танылды.
Марапаттау рәсімін ашқан Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ерекше мұқтаждықтары бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері Президенттің басты назарында екенін атап өтті.
“Қоғамның жетілу деңгейін, оның адамгершілік, азаматтық жауапкершілігін ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қатысты бағалау дәстүрге айналды. Біздің елімізде бұл көзқарас өзгерді және жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді. Айта кету керек, біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғауға мұқтаж және оларға көмек көрсету қажет деген стереотиптер жағдайында өмір сүрдік. Бірақ қазір бұл стереотиптер жойылып жатыр”, – деді ол.
Ерлан Қошанов партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру үшін «Aleumet» қосымшасы іске қосылғанын, 15 мыңға жуық ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмысқа орналастырылғанын айтты. Сондай-ақ, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 4 мың инфрақұрылым нысаны бейімделді.
Өз кезегінде Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам сыйлыққа ие болғанын атап өтті. Биыл ашық дауыс беру нәтижесі бойынша ұйымдастыру комиссиясының шешімімен 8 лауреат анықталды.