1 қазан – Қарттар күні. Бұл – өз өмірін еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне және қоғамның дамуына арнаған жандарға деген құрмет пен алғыс күні. Осыған орай Петропавлда қазіргі қоғамның берік негізін қалап берген аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концерт өтті. Кездесу барысында қала әкімі бірқатар қарияларға алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Social Media.
Мерекелік шара шаһардың мәдениет үйінде жылы да шынайы атмосферада өтті. Құттықтау сөз сөйлеген Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев қарттарды қоғамның тірегі, дәстүрдің сақтаушылары және жастарға үлгі деп атады.
«Дәл сіздердің еңбектеріңіздің, ісіңізге адалдығыңыздың арқасында бүгін Петропавл дамып келеді, экономика нығайып, келер ұрпақ үшін жағдай жасалуда. Өткенімізге, халықтық құндылықтарымызға құрметпен қарағанда ғана лайықты қоғам қалыптасады. Үлкенді сыйлау – халқымызға тән асыл қасиет, өйткені тәрбие үлкенге құрметтен басталады. Біз әрқашан сіздердің бүгінгі қоғамның іргетасын қалағандарыңызды ұмытпаймыз», – деді Серік Мұхамедиев.
Шара барысында бірнеше қарияға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды – олардың ұзақ жылғы адал еңбегі мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін.
Қонақтарға «Менің жасым – менің байлығым» атты символикалық концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермендерді өнерпаздардың әсем қойылымдары қуантты. Сонымен қатар интерактивтік бөлім ұйымдастырылып, мәдениет үйінің солистері мен концертке қатысушылар бірге сүйікті халық әндерін караоке форматында орындады.
Бүгін Петропавлда қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету айлығы да басталды. Бір ай бойы қалада аға буынды құрметтеу, әлеуметтік көмек көрсету және жұртшылықты ізгі бастамаларға тарту бағытында түрлі шаралар өтеді.
Қалада қазіргі таңда 45 мыңнан астам зейнеткер тұрады, олардың ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың өмір жолы – даналықтың, парасаттың және туған жерге деген сүйіспеншіліктің мектебі. Қариялар жас ұрпаққа тек тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар ең басты құндылықтарды – құрметті, жауапкершілікті, еңбекқорлықты және іске адалдықты үйретеді.