Дүйсенбі, Қазан 6, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыПетропавлда әлеуметтік осал топтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған жаңа...

Петропавлда әлеуметтік осал топтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған жаңа үйге өтініш қабылдау басталды

2025 жылдың 24 мамырынан бастап «Отбасы банк» жаңа мәртебеге ие болды – енді ол Ұлттық даму институты ретінде қызмет атқарады. Осыған сәйкес банк азаматтарды тұрғын үй кезегіне қоюмен қатар, пәтерлерді әділ және ашық түрде бөлу процесіне де жауап береді, деп хабарлайды Social Media.

Қолданыстағы талаптарға сай, соңғы бес жыл ішінде өз меншігінде баспанасы болмаған кез келген азамат әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тұрғын үй алу кезегіне тұра алады.

Қазіргі уақытта тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың деректері бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. «Отбасы банк» азаматтарды orken.otbasybank.kz сайты арқылы өз мәліметтерін тексеріп, жаңартуға шақырады. Өтініштер Baspana Market онлайн платформасы арқылы қабылданады, бұл тәсіл артық құжат айналымы мен ұзақ кезектердің алдын алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушыларының тұрғын үй кезегінде тұруы және соңғы алты айдағы отбасы табысын растауы қажет. Пәтерлер кезекке тұрған күніне қарай бөлінеді.

Әлеуметтік әділдік қағидасына сәйкес, 70% пәтер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға бөлінеді, оның ішінде 20% — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі. Қалған 30% пәтер басқа кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

Жақын уақытта Петропавл қаласында Жұмабаев көшесі, 282 мекенжайында орналасқан жаңа тұрғын үйге өтініш қабылдау басталады. Бұл – бюджет қаражаты есебінен салынған заманауи тұрғын үй кешені. Үйде барлығы 126 пәтер бар: 21 бір бөлмелі, 61 екі бөлмелі, 44 үш бөлмелі.

Пәтерлердің ауданы 38,5-тен 71,7 шаршы метрге дейін, ал бір шаршы метрдің құны 180 мың теңге болып белгіленген.

Барлығының ішінде 88 пәтер әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде 18 пәтер жетім балаларға бөлінеді. Қалған 38 пәтер өзге кезектегі азаматтарға беріледі.

Нысанның құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталып, мердігер ұйым ретінде «Құрылыс Сервис СК» компаниясы жұмыс атқарды. Үй 2022 жылдың соңында пайдалануға беріліп, 2025 жылдың көктемінде қаланың коммуналдық меншігіне өткізілген. Қазіргі таңда ол Петропавл қаласы әкімдігінің ТКШ, ПТ және АД бөлімі теңгерімінде тұр. Алдағы уақытта тұрғын үй «Отбасы банкке» пәтерлерді бөлу мақсатында берілетін болады.

Пайыздық мөлшерлеме әлеуметтік осал топтар үшін – 2%, басқа санаттағы азаматтар үшін – 5% деңгейінде белгіленген.

Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар «Отбасы банкте» депозит ашып, тұрғын үй құнының кемінде 10% сомасын жинауы, сондай-ақ Baspana Market платформасы мен банктің ресми әлеуметтік желілерінде жарияланатын хабарламаларды тұрақты түрде бақылап отыруы қажет.

Жыл соңына дейін Петропавл қаласында тағы үш жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың баспаналы болу мүмкіндігін кеңейтеді. Осылайша тұрғын үй бөлу процесі барынша ашық, әділ және қолжетімді болмақ, ал басты назар — мемлекеттік қолдауға ерекше мұқтаж жандарға аударылады.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер