2025 жылғы 9 шілдеде Петропавл қаласының Орталық алаңы нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленді. Мұнда SAMGAU 2025 салтанатты іс-шарасы өтті. Бұл кеште Kozybayev University университетінің үздік бітірушілері – қызыл диплом иегерлері марапатталды, деп хабарлайды Social Media.
Сол күні университет 1431 түлекті ұясынан ұшырды. Олардың 871-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған болса, 305 студент жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
Мерекелік шара үшін алаңда үлкен сахна мен LED-экран орнатылды. Онда Қазақстанның ғылым мен мәдениет саласындағы танымал тұлғаларынан бейнеқұттықтаулар көрсетілді. Салтанатты жиынға түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздар, сондай-ақ жергілікті және республикалық деңгейдегі мәртебелі меймандар қатысты. Солардың қатарында Мәжіліс және Сенат депутаттары Ольга Перепечина мен Еркебұлан Мамбетов, СҚО-ның құрметті азаматы Анатолий Башмаков және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов болды. Қызыл дипломдарды дәл осы кісілердің қолынан алу – түлектер үшін үлкен мәртебе болды.
Облыс әкімі өз сөзінде бітірушілерге жылы лебізін білдіріп, олардың болашақтағы қадамдарына сәттілік тіледі:
«Бүгін – сіздердің өмірлеріңіздегі маңызды кезеңнің аяқталып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын күн. Сіздер еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінен білім алдыңыздар. Бұл – үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Ата-аналарға – қолдауы үшін, ұстаздарға – берген білімі мен сенімі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Kozybayev University – өңіріміздің интеллектуалдық тірегіне айналды», – деді ол.
Сондай-ақ, облыс әкімі түлектердің 84%-дан астамы қазірдің өзінде жұмысқа орналасқанын атап өтті. Ал олардың бірқатары магистратура мен докторантурада білімін жалғастырмақ. Университеттің халықаралық рейтингке енуін де ол ерекше жетістік ретінде бағалады:
«Әлемде 8,5 мың жоғары оқу орнының ішінен тек 1,5 мыңы ғана беделді рейтингке енді. Солардың қатарында біздің университеттің болуы – сапалы білім берудің, мемлекеттік қолдаудың және халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесі», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исакаев түлектерге жүрекжарды тілегін білдірді:
«Әр диплом – бұл қиындықтарды еңсерудің, алғашқы жетістіктер мен жеке жеңістердің куәсі. Университет дегеніміз – тек ғимарат емес, ол – адамдар: ұстаздар, ғылыми жетекшілер, тәлімгерлер. Солардың қолдауы арқасында сіздер мамандықпен қатар адамдық қасиеттерді де бойға сіңірдіңіздер. Қай салада жұмыс істесеңіздер де – ғылымда ма, халықаралық компанияда ма – бәрінің бастауы осы жерде, туған университет қабырғасында қаланғанын ұмытпаңыздар».
Түлектердің арасында ерекше көзге түскендердің бірі – Маргарита Животовская. Көкшетау қаласының тумасы, ол 2021 жылы СҚО әкімінің гранты бойынша университетке оқуға түсіп, ағылшын тілі мұғалімі мамандығын үздік дипломмен тәмамдады. Ол оқуы барысында Польшада білім алып, тоғыз елде болып қайтқан. Қазіргі мақсаты – ағылшын тілінің сапалы маманы болу.