Петропавлдағы көпбейінді қалалық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасында бірегей операция жасалды – ауыз арқылы трансдуоденальды холангиоскопия, өт жолдарын эндоскопиялық тексеру және биопсия алу. Ота 74 жастағы науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізілді, деп хабарлайды Social Media.
Бұл әдіс дәрігерлерге өт жолдарын ішінен мұқият көруге, нысаналы биопсия жасауға және үлкен тілік жасамай-ақ ота жасауға мүмкіндік береді. Эндоскопист дәрігер Кирилл Счастливцевтің айтуынша, 74 жастағы науқас ауруханаға өт жолдарында қысымның жоғарылауына тән шағымдармен түскен.
«Зейнеткерлер жеңілдік алатын азаматтар санатына жатады, сондықтан ота тегін – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жасалды. Пациентке эндоскопиялық папиллосфинктеротомия, ауыз арқылы трансдуоденальды холангиоскопия, сондай-ақ қатерлі ісікті жоққа шығару үшін өт жолынан нысаналы биопсия жасалды», – деді дәрігер.
Зерттеу нәтижелері бойынша қатерлі ісік диагнозы расталған жоқ, бұл әрі қарайғы емдеу үшін маңызды әрі жігерлендіретін фактор болды.
Мұндай жоғары технологиялық процедуралар денсаулық сақтау саласының дамуы мен МӘМС жүйесінің қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі пациенттерге күрделі және қымбат медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік береді.
Жақында Петропавлда МӘМС аясында тағы бірнеше сәтті оталар жасалды – соның ішінде көпбейінді облыстық ауруханада ми тамырлары ауруларын емдеудің заманауи әдістері бойынша шеберлік сабағы өтті. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысының үш тұрғынына көмек көрсетіліп, барлығы оң динамикамен шығарылды.
Мамандар халықты МӘМС жүйесіне қосылуға шақырады. Олар сақтандырылған азаматтар қосымша шығынсыз медициналық қызметтердің кең тізімін алатынын атап өтеді. Адамдар профилактикалық тексеруден өтіп, оңалтуға қатыса алады, бейінді мамандарға жазылып, кеңес алады, зертханалық диагностика жасай алады және тағы басқалары. Сондай-ақ тұрғындарға қымбат оталар мен ЭКО-ны тегін жасайтынын атап өткен жөн.