Петропавл қаласында «Digital Qyzyljar: IT және креативті экономика» аймақтық форумы өтті. Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі аймақтық IT-хаб SKO Hub және Qyzyljar Creative Center креативті индустриялар орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Social Media.

Форум Qyzyljar Creative Center ғимаратында өтіп, цифрландыру мен креативті индустриялар саласындағы тәжірибе, идеялар және инновациялық шешімдермен алмасуға арналған ірі алаңға айналды.

Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, IT-компаниялардың, стартап-жобалардың, білім беру мекемелерінің, технопарктер мен өңірдің бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты. Талқылаудың басты тақырыбы – Солтүстік Қазақстан облысының цифрлық экожүйесін дамыту және креативті экономиканың өсуіне жағдай жасау болды.

Форум бағдарламасына панельдік сессиялар, жетекші сарапшылардың мастер-кластары, Qyzyljar Creative Center резиденттерінің өнімдері ұсынылған Pop-up store, сондай-ақ стартаптар мен IT-мектептердің аллеясы кірді. Қатысушылар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Ерекше назар заманауи технологиялармен танысуға мүмкіндік берген интерактивті зертханаларға аударылды – мұнда VR және 3D модельдеу, анимация, робототехника, дрондар және басқа да цифрлық құралдар көрсетілді.

Форумның маңызды сәттерінің бірі – мемлекет, бизнес және білім беру жүйесі арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қою рәсімі болды.
Пленарлық отырыста Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратының басшысы Руслан Алишев сөз сөйлеп, форумның IT саласындағы жұмыстың қорытындысын шығарып қана қоймай, өңірдің болашақтағы дамуына бағыт беретінін атап өтті:

«Цифрландыру – сәнді ұғым емес, ол басқарудың тиімділігін және халықтың өмір сапасын арттыратын нақты құрал. Біз цифрлық инфрақұрылымды дамытып, кадрлар дайындап, инновациялық жобаларды қолдап, деректермен жұмыс істеудің жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бүгінгі форум – Солтүстік Қазақстан облысының шын мәнінде цифрлық аймаққа айналып келе жатқанын дәлелдейді», – деді Руслан Алишев.
Ол сондай-ақ облыс аудандарында цифрлық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Атап айтқанда, елдегі алғашқы аудандық креативті IT-орталық ашылып, цифрландырудың тек қалаларда емес, ауылдық жерлерде де өсу драйверіне айналып отырғанының жарқын мысалы болды.
Руслан Алишев өңірлік стартаптардың әлеуетін де атап өтті:
«Бүгінде жас мамандар мен Qyzyljar Creative Center резиденттері білім беру мен медицинадан бастап, робототехника мен өнеркәсіпке дейін түрлі салаларға қажет шешімдер әзірлеп жатыр. Бұл – өңірдің дамуына үлес қоса алатын кәсіби қауымдастықтың қалыптасуы».
Сондай-ақ Qyzyljar Creative Center жүзеге асырып отырған технология, шығармашылық және кәсіпкерліктің синергиясының маңызы ерекше аталды. Мұнда бір алаңда креативті индустриялар мен IT-сектор тоғысып, инновациялық өнімдерді дамытуға және оларды республикалық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік бар.
Форумның қорытындысында «Жыл резиденті» номинациясы бойынша марапаттау рәсімі өтіп, жеңімпаздар өңірдің цифрлық және креативті әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Аймақтық форум «Digital Qyzyljar» Солтүстік Қазақстан облысының технологиялар, білім және шығармашылық бастамаларды біріктірген болашақтың бірыңғай экожүйесіне қадам жасап келе жатқанын айқын көрсетті.

