Солтүстік Қазақстан облысында интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе алаяқтардың басты нысаны – егде жастағы адамдар. Қылмыскерлер телефон арқылы сенімге кіріп, әртүрлі сылтаумен олардың ақшасын өз шоттарына аударуға итермелейді, деп хабарлайды Social Media.
Осындай қауіптерге қарсы тұру мақсатында Петропавл қаласында жаңа жедел алгоритм іске қосылды. Оның аясында қаладағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында орнатылған банкоматтар жанында полиция қызметкерлері мен күзетшілер кезекшілік атқаруда. Олар әсіресе күмән тудыратын жағдайларға назар аударып, тұрғындарға қажет кезде көмек көрсетуге дайын. Қарапайым бақылау нәтижесінде бірнеше қылмыстың алдын алып, зейнеткерлердің ақшасы аман қалды.
Өткен апта ішінде үш ірі алаяқтық оқиға тіркелді. Оның бірінде 74 жастағы әйел өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтың сөзіне сеніп, «қауіпсіздік мақсатында» 500 мың теңгені бөтен шотқа аударуға дайындалып жатқан. Абдырап тұрған зейнеткерді полиция қызметкері байқап қалып, араласып, операцияны тоқтатты. Әйелдің айтуынша, ол шынымен де өзінің атына несие рәсімделіп қойғанына сеніп қалған.
Келесі жағдай дәл сондай әдіспен жүзеге асырылмақ болған. 75 жастағы зейнеткер белгісіз нөмірден қоңырау қабылдап, арғы жағындағы адам өзін ұлы, кейін немересі ретінде таныстырып, шұғыл түрде ақша сұраған. Тұрғын жағдайдың мән-жайын толық түсінбей, банкомат арқылы ақша аударуға келгенде, оны күзетші байқап, полиция шақырған. Уақытында келген тәртіп сақшылары зейнеткермен сөйлесіп, оның алаяқпен байланысып жатқанын түсіндіріп, ақша аударымын тоқтатты.
Үшінші жағдайда зейнет жасындағы ерлі-зайыпты телефон арқылы хабарласқан адамдардан «сіздердің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деген хабар алған. Оларға бұл ақпаратты ешкімге айтпау, банк қызметкерлері мен полициямен сөйлеспеу туралы нұсқау берілген. Қорқыныш пен сенімсіздік әсерінен олар бастапқыда полицейлерге сенбей, 1,5 миллион теңгені өз еркімен аударып жіберген. Тек түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана қалған 4,5 миллион теңгені аман сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл жағдайлар полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрекет етуінің арқасында үлкен шығындардың алдын алуға болатынын көрсетті.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев бұл тәсілдің тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша, болашақта бұл алгоритм жетілдіріліп, басқа да аудандарға енгізілетін болады. Сонымен қатар, осындай жағдайда сергектік танытқан қызметкерлер арнайы марапатталады деп жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері облыста 270-тен астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл барлық тіркелген қылмыстардың төрттен біріне жуығын құрайды. Мұндай статистика интернеттегі қауіптің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Сондықтан да тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр. Олар әсіресе зейнет жасындағы туыстар мен көршілерге көбірек көңіл бөлуге, банкоматқа бірге баруға және алаяқтықтың кең таралған схемаларын түсіндіруге кеңес береді. Ең маңыздысы — асықпау, бір сәт үзіліс жасап, жағдайды қайта бағамдау. Күмән туған жағдайда туыстарыңызға немесе банкке ресми нөмір арқылы хабарласу, болмаса бірден «102» нөміріне қоңырау шалу қажет.
Интернет-алаяқтар адам психологиясын жақсы меңгерген, олар қорқыту, асықтыру, қысым жасау арқылы жәбірленушіні жылдам шешім қабылдауға итермелейді. Сол себепті кез келген шұғыл қоңырауға сабырмен қарап, салқынқандылық танытқан жөн. Петропавлда енгізілген жаңа әдістің алғашқы нәтижелері -дәл осы сабыр мен қырағылықтың нақты пайдасын көрсетті. Полиция қызметкерлері мен күзетшілердің кәсіби және адамгершілік тұрғыда жауапкершілікпен қарауының арқасында бірнеше отбасы өз қаражатын сақтап қалды. Бұл -қоғамның бірлескен қауіпсіздік жүйесінің қалыптаса бастағанының белгісі.