4 шілде күні Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода «Жас Өркен» шағын ауданында салынып жатқан 280 орындық балабақшаның құрылыс барысымен танысады. Бұл нысан мемлекет меншігіне заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару аясында тәркіленген қаражат есебінен салынып жатыр. Жобаны қаржыландырудың жалпы сомасы – 1,9 млрд теңге, Social Media деп хабарлайды.
Сапар барысында депутаттар құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайын бағалап, жобаның жүзеге асырылу деңгейімен танысады. Сондай-ақ бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізіп, жобалық шешімдердің сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және мердігер ұйым мен техникалық, авторлық қадағалау құрылымдарының өзара әрекеттестігі мәселелерін қарастырады.
Жобаның тапсырыс берушісі – Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы. Мердігер ұйым – «Основание» ЖШС. Техникалық қадағалауды «Стадия» ЖШС, авторлық қадағалауды «Севгражданпроект» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба 2023 жылғы 17 тамызда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы ақпанда басталып, нысанды пайдалануға беру 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған.