Жұма, Қазан 10, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыПетропавлда мектеп оқушыларына жұмысшы мамандықтарының артықшылықтары туралы айтылды

Петропавлда мектеп оқушыларына жұмысшы мамандықтарының артықшылықтары туралы айтылды

Петропавл қаласындағы Иван Шухов атындағы кітапханада қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларына арналған TEDx-конференция және шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды Social Media.

Шара Жұмысшы мамандықтары жылы аясында және кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырып, оларды заманауи кәсіптердің ерекшеліктерімен және оларға қойылатын талаптармен жақынырақ таныстырды.

Кешті кітапхананың оқу залының кітапханашысы Ләззат Бримова ашты. Ол өз сөзінде мамандық таңдау – әр адамның болашағын айқындайтын маңызды шешім екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби жолды таңдағанда еңбек нарығындағы сұранысқа ғана емес, сонымен қатар адамның жеке қызығушылығы мен қабілетіне де мән беру қажет.

«Қандай заман келсе де, жұмысшы мамандықтарының маңызы жойылған емес. Себебі автоматтандыру мен жаңа технологиялар дамыған дәуірде де адам еңбегін алмастыра алмайтын салалар бар», – деді Ләззат Бримова.

Қалалық қосымша білім беру орталығының әдіскері Инга Плотникова оқушыларға аспаз-кондитер мамандығының ерекшеліктері туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұл тек еңбек қана емес, нағыз шығармашылық үдеріс. Маман иесі тағам дайындау техникасын, ингредиенттердің қасиеттерін және тағамдарды эстетикалық безендіруді жетік білуі керек.

TEDx-конференцияның маңызды серіктесі ретінде Искандер Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі қатысты. Колледж директорының орынбасары Жұлдыз Искакова білім ордасындағы оқу бағыттарымен таныстырып, мұнда болашақ наубайшылар, аспаздар, шаштараздар мен тігінші-модельерлер даярланатынын айтты.

Кездесу барысында колледж студенттері шеберлік сабақтарын өткізіп, нан өнімдерін жасау процесін көрсетті, кондитер ісі бойынша алғашқы тәжірибелерімен бөлісті, шаштараз және тігін өндірісі бағытындағы жұмыстарын таныстырды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, биыл колледждің құрылғанына 95 жыл толып отыр. Оның тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады, ол кезде Петропавлда жұмысшы кадрларға деген сұраныс ерекше жоғары болған. Осы уақыт ішінде оқу орны мыңдаған маман даярлап, олардың көпшілігі өз ісінің шебері атанып, жеке кәсіп ашып, өңірдің дамуына үлес қосты. 1966 жылы колледжге Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан, оқу орнының түлегі Кеңес Одағының Батыры Искандер Даутовтың есімі берілді.

Бүгінде колледж дәстүр мен заманауи білім беру әдістерін тиімді ұштастырып келеді. Мұнда 400-ден астам студент тегін білім алады, оларға стипендия мен жатақхана беріледі. Түлектер ақылы тәжірибеден өтіп, еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Студенттер кәсіби шеберлік байқауларына белсене қатысып, «WorldSkills» және республикалық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болуда.

Кездесу соңында оқушылар колледж тарихы туралы бейнеролик көріп, студенттермен еркін әңгімелесті. Ашық пікір алмасу мен тәжірибелік көрсетілімдер форматында өткен бұл шара жасөспірімдерге пайдалы әрі әсерлі болды.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер