Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаевтың жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттарды талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға сондай-ақ облыс әкімі Гауз Нұрмұхамбетов пен ауылдық округтердің әкімдері қатысты, деп хабарлайды Social Media.
Бір айдан сәл астам уақыт бұрын Мемлекет басшысы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» тақырыбында сөз сөйлеген болатын. Кездесу барысында қатысушылар Президент айқындаған негізгі міндеттерді талқылады.
Ерекше назар ауылдық аумақтардың елді цифрландыру үдерісіндегі рөліне аударылды. Президент өз Жолдауында инфрақұрылымды дамыту мен агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізу – тұрақты экономикалық өсудің және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың басты негізі екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы – ауыл шаруашылығына бейім аймақ. Мұнда 590 ауылдық елді мекен бар, олардың 300-ден астамы перспективалы деп танылған. Бұл ауылдарда 210 мыңнан астам адам тұрады, яғни бұл облыстың ауыл халқының 82 пайызын құрайды.
Мемлекеттік ауқымды қолдау шараларының арқасында Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық жерлерінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар белсенді іске асырылуда. Жаңа тұрғын үйлер салынуда, заманауи мектептер, медициналық мекемелер мен спорт нысандары ашылуда. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніне озық технологиялар енгізіліп, бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырумен қатар, ауылдық аумақтарды нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл өмірінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Мемлекет басшысы белгілеген міндеттер аясында ауылдық инфрақұрылымды жақсарту және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.