Петропавл қаласындағы №50 мекемеде сотталған әйелдерге арналған бейнетаксофон жүйесі іске қосылды. Жаңа жоба әсіресе кәмелетке толмаған балалары бар аналардың жағдайын жеңілдетуге, жазаны өтеу шарттарын гуманизациялауға бағытталған, деп хабарлайды Social Media.
Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді. Ведомство атап өткендей, жоба 14 наурызда Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманы орындау аясында, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде іске асырылды.
Енді сотталған әйелдер туыстарымен және жақындарымен бейнеқоңырау арқылы байланыс орната алады. Әрбір сотталғанға жеке ID-код берілген. Қоңырау тек сотталғанның жеке ісіне алдын ала енгізілген нөмірлерге ғана шалынады.
«Туыстарына ыңғайлы Soilephone атты мобильді қосымша әзірленген. Оны Google Play-ден жүктеп алып, байланыс қызметін өздері төлей алады. Қосымшада бейнеқоңыраудан бөлек, аудио және бейне хабарламалар, SMS алмасу мүмкіндігі бар», – деп хабарлады прокуратура.
Барлық ақпарат қорғалған серверде сақталады, бұл дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жоба Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және «Жас Тарлан» ЖШС-нің қатысуымен жүзеге асырылып отыр.
Жаңа жүйе сотталған әйелдердің күйзеліс деңгейін төмендетіп, отбасылық байланыстарды сақтауға және нығайтуға, құқыққа бағынуға ынталандыруға, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін сәтті әлеуметтенуге ықпал етеді деп күтілуде.