Петропавлдың «Qulager» хоккей клубы жаңа маусымды елдегі басты турнирлер шеруін дәстүрлі түрде ашатын Қазақстан кубогынан бастайды. Команда 22 тамыз күні Усть-Каменогорскіде мұз айдынына шығып, топтық кезең ойындарын өткізеді, деп хабарлайды Social Media.
Жеребе нәтижесінде «Құлагер» «B» тобына түсті. Мұнда қарсыластары – «Алматы», «Торпедо» және «Ақтөбе». Алғашқы сынақ 22 тамыз күні сағат 15:00-де алматылықтарға қарсы өтеді. Ертеңінде солтүстікқазақстандықтар алаң иелері – усть-каменогорскілік «Торпедомен» күш сынасады. Ал топтағы соңғы ойынды шәкірттер Андрей Спиридоновтың басшылығымен 25 тамызда «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.
Осы уақытта Қарағандыда «А» тобының матчтары өтеді. Онда «Арлан», «Бейбарыс», «Сарыарқа» және «Горняк» өзара кездеседі. Дәл осы Қарағанды қаласы турнирдің шешуші кезеңін қабылдайды: 28 тамызда жартылай финалдар, ал 29 тамызда финалдық матч өтеді.
Петропавл командасы үшін биылғы дода ерекше мәнге ие. Өткен жылы «Құлагер» хоккей жанкүйерлерін таңғалдырып, көпшілік «өлім тобы» деп атаған сатыда сенсациялық нәтиже көрсеткен болатын. Сол кезеңде команда «Арланды» (3:1), алаң иелері «Торпедоны» (3:2) және «Алматын» (2:1) жеңді. Дегенмен финалға бір қадам жетпей, жалпы есепте төртінші орынмен тоқтады. Соған қарамастан, ұжым мықтылармен тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеді.
Жаңа маусымға «Құлагер» жаңарған құраммен және жаңа бапкерлік штабпен келді. Бас бапкер қызметіне қазақстандық хоккейде жақсы таныс Андрей Спиридонов тағайындалды. Оның көмекшісі – Анатолий Васильев, ал қақпашылармен жұмысқа Максим Грязнов жауап береді. Жанкүйерлер жаңа жаттықтырушылардан команданың дамуына тың серпін күтуде.
Қазақстан кубогына арналған құрам да айтарлықтай теңгерімді жасақталған. Қақпашылар – Денис Каратаев, Антон Осокин және Абылайхан Төлеубай. Қорғаныс шебінде тәжірибелі ойыншылар бар: Роман Коваленко, Илья Горожанинов, Альберт Гатин, Ерлан Ербатыров, Артем Гончаров, Руслан Габазов, Евгений Бурлака, Сергей Мартынов, Станислав Тунхузин және Алексей Дерзаев.
Шабуыл шебінде де мықты ойыншылар жасақталған. Гол соғу үшін Батыр Марқабаев, Даниил Махамадеев, Иван Казаченко, Александр Своеволин, Евгений Попитич, Артем Бурделев, Дмитрий Исмагилов, Степан Штефан, Артем Сошников, Михаил Калиниченко, Алмаз Мұқанов, Ян Хоменко, Александр Воробьев және Герман Шапорев бақ сынайды.
Қарсыластарының деңгейі жоғары болғанына қарамастан, «Құлагер» ойыншылары мен бапкерлері әр матчқа жанқиярлықпен шығуға дайын. Команданы жанкүйерлер де қолдай алады: барлық ойындар клубтың ресми сайтында – hkqulager.kz – тікелей эфирде көрсетіледі.
Алда петропавлдықтарды оңай сынақ күтіп тұрған жоқ. Алайда команданың тарихы көрсеткендей, «Құлагер» әрқашан күтпеген нәтижелерге қол жеткізіп, жоғары орындар үшін күресуге қауқарлы.