23–29 тамыз аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында ұйымдастырылған «ШЫҰ кездесуі – жүректің үні» атты халықаралық мәдени іс-шара өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары мен мәдениет өкілдері өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынып, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосуда, деп хабарлайды Social Media.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 27 тамыз күні фестиваль сахнасында Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан ерекше өнер ұжымы – «Sensitive» би театры өнер көрсетеді. Бұл – еліміздегі есту қабілеті шектеулі жандардан құралған жалғыз кәсіби би труппасы. Театрдың әрбір қойылымы – көрерменнің жүрегіне жол табатын ерекше әсерлі шығармашылық туынды.
Олармен бірге сахнаға есту қабілеті төмен балалардан құралған «Кішкентай дельфиндер» хоры да шығады. Хор мен театрдың бірлескен қойылымы – жай ғана би мен ән емес, бұл – рухтың беріктігі, тең мүмкіндіктер идеясы мен шекарасыз өнер тілі туралы әсерлі үндеу.
Көрермендерге ұсынылатын бағдарлама адамдар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті паш етіп, жүректің үнін сөзден де биік қояды. Бұл қойылым өнердің халықтар мен мәдениеттерді жақындастыра алатынын, ал адам жанының күші кез келген шектеуді жеңе алатынын көрсетеді.
«Sensitive» театрының халықаралық сахнаға шығуы – Қазақстан мәдениетінің дамуына қосқан үлесінің айқын дәлелі әрі ел атын асқақтатар үлкен жетістік.