Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта мемлекет жүйелі шаралар қабылдап жатыр: тек биылдың өзінде ауыл шаруашылығын қолдауға рекордтық 1 триллион теңге бөлінді – бұл бұрын-соңды болмаған қаржыландыру көлемі, деп хабарлайды Social Media.
Соңғы жылдары агросаланы жүйелі реформалау жұмыстары жүргізіліп, ауқымды қаражат бағытталды. Алайда Мемлекет басшысы қазіргі шаралар отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру үшін жеткіліксіз екенін айтты. Мәселе бөлінген ресурстың көлемінде емес, оны тиімді пайдалануда. Осыған орай Үкіметтің нақты жоспары болуы тиіс.
Қазіргі таңда отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллардан асады. 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Өнім түрлі елдерге экспортталады. Мұндай жобаларды кеңінен дамыту керек. Әр өңірде өз ерекшелігін ескере отырып, “өнім өндірушіден – сауда нүктесіне дейін” тұтас тізбектерді қалыптастыру маңызды.
Көптеген өңірлерде цифрлық технологияларды белсенді қолданатын, толық өндірістік цикл құрған агроөнеркәсіптер бар. Осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін жүйелі жағдай жасау қажет.
Президент агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамытуға, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен стратегиялық серіктестік орнатуға ерекше назар аудару керек екенін айтты. Бірақ ол үшін отандық кәсіпкерлер заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті қолдануды үйренуі қажет.
Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, тиімді қаржыландыру тетіктерін іске қосуы тиіс. Мақсат – ішкі нарықты толық етпен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті күшейту. Үкіметтің стратегиялық міндеті – азық-түлік импортына тәуелділікті барынша азайту.
Президент ел нарығындағы кейбір ұят жағдайларды да атап өтті. Мысалы, отандық сүт өндірушілер ЕАЭО елдеріндегі әріптестермен салыстырғанда мемлекеттік қолдауды аз алады, сондықтан бәсекеге қабілетсіз болып отыр.
Жер – бұл стратегиялық ресурс. Ол еліміздің дамуына және халықтың әл-ауқатына қызмет етуі тиіс. Президент ауыл шаруашылығына арналмаған және заңсыз алынған жерлерді қайтару бойынша ауқымды науқанды бастады. Жер иесіз жатпауы керек. Ол жердің қадірін түсінетін адамдарға ғана берілуі тиіс.
2022 жылдан бері 13,5 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Алайда соның тек 6 миллион гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға таратылған.
Бұл жерлер өндіріс, инвестиция және жұмыспен қамтудың орталығына айналуы тиіс. Сондықтан әкімдердің міндеті – 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық жерлерді тұрақты айналымға енгізу. Бұл жайылым тапшылығы мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.
Жер қатынастары саласындағы бюрократия мен заңсыздықты жою үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру механизмін түбегейлі өзгерту қажет. Бұл шешімдер электронды форматта, цифрлық технологияларға сүйене отырып қабылдануы тиіс. Космомониторинг пен геоаналитика қазірдің өзінде бос жатқан жерлерді анықтауға көмектесіп отыр. Осы жұмысты жалғастыру қажет.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллект негізінде ауыл шаруашылығы жерлерінің сапасын, өнімділігін, жағдайын және егіс алқаптарының бөлінісін терең талдайтын спутниктік бақылауды жетілдіруді тапсырды. Бұл жұмыс орман шаруашылығына да қатысты. Мысал ретінде СҚО-дағы иесіз жатқан 9 мың гектар орман алқабы келтірілді.
Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын жасау қажет. Оған кадастрлық мәліметтер, қазба байлықтар, инфрақұрылым туралы ақпарат толық біріктірілуі тиіс. Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты әрі серпінді дамуы қолданбалы аграрлық ғылымды жедел дамыту арқылы ғана мүмкін болады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бюджеттен едәуір қаражат бөлінгенімен, аграрлық ғылымның тиімділігі төмен. Ғылыми әзірлемелердің коммерциялану деңгейі – 17%, ал аграрлық жоғары оқу орындарының түлектерінің тек 40%-ы ғана салада жұмыс істейді. Ғылым мен нақты өндіріс арасындағы алшақтық әлі де бар.
Сондықтан бізге нақты аграрлық ғылымды дамыту жоспары қажет. Ол цифрлық технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталуы тиіс. Ветеринария мен фитопатология саласына ерекше көңіл бөлу керек, өйткені олардың әлсіз дамуы АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігін шектеп отыр.