Петропавл қаласында жаңа мұз аренасының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан биылғы жылдың соңына дейін спортшылар мен қала тұрғындары үшін өз есігін айқара ашпақ, деп хабарлайды Social Media.
Бұл нысанды спорт қауымдастығы да, қала тұрғындары да көптен бері күтіп жүр, себебі заманауи қысқы спорт түрлеріне арналған алаң қажеттілігі бірнеше жылдан бері айтылып келеді.
Кеше болашақ аренаны белгілі конькишілер мен олардың бапкерлері аралап көрді. Спортшыларды нысанмен танысуға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шақырды. Ол осындай жобаларды талқылауға кәсіби спортшылардың қатысуы маңызды екенін атап өтті. Қатысушылар құрылыс барысымен танысып, болашақ ғимараттың ауқымын көріп, өз ұсыныстарын білдірді.
Аймақ басшысының айтуынша, облыс әкімдігіне заманауи спорт нысандарын салу туралы өтініштер бірнеше рет түскен. Сондықтан спортшылардың өздері де жобалау мен дайындық кезеңіне қатысуы аса маңызды.
Петропавлдағы мұз аренасының құрылысы өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Билік өкілдері халықаралық стандарттарға сай заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру – облыстың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Мұндай нысандар тек жаттығу мен жарыстар өткізу алаңы ғана емес, жастарды спортқа баулудың маңызды құралы болмақ.
Жақын уақытта Петропавлда ірі спорттық кластер салу жоспарлануда. Жоба аясында 400 метрлік коньки тебу жолы бар көпфункционалды арена, екі хоккей алаңы және кёрлингке арналған аймақтар қарастырылған. Сонымен қатар, 50 метрлік олимпиадалық бассейні бар әмбебап спорт кешенін салу көзделген. Онда түрлі жекпе-жек түрлеріне, көркем гимнастикаға, волейбол, баскетбол және фитнеске арналған залдар орналасады.
Мұндай нысандардың салынуы Солтүстік Қазақстан облысындағы спорт қозғалысын жаңа деңгейге көтермек. Бұл жерде жергілікті спортшылар да, ұлттық құрамалар да жаттыға алады. Ал халықаралық жарыстарды өткізу өңірдің спорттық беделін арттырып, оны еліміздің және әлемнің спорт картасында айқын көрсетеді. Қала тұрғындары үшін бұл – спортпен айналысуға тамаша мүмкіндік, ал жас ұрпақ үшін өз қабілетін ашып, жаңа жетістіктерге жетудің жолы болмақ.