Бейсенбі, Желтоқсан 4, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы ауқымды жобалар...

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы ауқымды жобалар туралы айтты

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің өнеркәсіптік және инвестициялық орталығы ретінде өз позициясын нығайтып келеді, деп хабарлайды Social Media.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың соңғы жылдардағы негізгі жетістіктері мен өнеркәсіптік өндіріс, инвестициялар тарту, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым жаңғырту, сумен жабдықтау және су тасқынынан қорғау бағыттарындағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Соңғы екі жылда облыстың өнеркәсіп өндірісі 1,5 есе өсті. Кәсіпорындардың тапсырыстар портфелі де 210,1 млрд теңгеден 300,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өсімнің негізгі бөлігін жалпы өндірістің 86%-ын құрайтын өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз етті. Ірі жобалардың бірі — «ЗИКСТО» ЖШС-нің жолаушылар вагондары мен платформалар шығаратын зауыты. Жоба құны 24,3 млрд теңге, жылдық қуаты — 3 200 вагон.

Инвестициялар өңір экономикасының дамуына айтарлықтай серпін беруде. Қазіргі уақытта СҚО-да жалпы құны 894 млрд теңгені құрайтын 51 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар 7,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей инвестициялар көлемі жылдық жоспардан екі еседен аса артып отыр. Инвестиция тартудың негізгі орталығы — «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда 317 млрд теңгеден астам инвестициясы бар 22 қатысушы тіркелген, олардың жобалары аясында шамамен 4 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Өңір инвестициялық аймақты кеңейту мақсатында «Қызылжар» АЭА-ның жаңа субаймақтарын Тайынша және Ғабит Мүсірепов аудандарында құруда. Тайынша ауданы қытайлық инвесторлармен он жылға жуық тиімді жұмыс істеп келеді, жергілікті өнімдер Сиань қаласына экспортталады. Екінші субаймақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экспортқа бағытталған. Өңірге шетелдік ірі компаниялар келуде: катарлық «Ультрадекор» 90 млрд теңгеден астам инвестициямен ДСП және ЛДСП өндірісін іске қосуда; ресейлік «Бейкертон» 37,3 млрд теңгеге 380 жұмыс орнын құрумен кондитерлік фабрика салуда; қытайлық «Чилу Агро» тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндіріс ашпақ; «Уралкран» көтергіш-көліктік жабдықтар зауытын салуда. Отандық инвесторлар қатарында — Дмитрий Шарапаевтың жылына 1 200 тонна саңырауқұлақ және 5 200 тонна компост өндіретін 11,3 млрд теңгелік жобасы. Сондай-ақ, қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін «Техноэкопарк» экологиялық жобасы дайындалуда.

Тұрғын үй құрылысы — басым бағыттардың бірі. Жылдық жоспардағы 332 мың шаршы метрдің 194,3 мыңы пайдалануға берілді. 1 007 пәтері бар 15 үй салынды. Жаңа тұрғын үйлердің басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен салынып, коммерциялық сектордың үлесі артып келеді.

Өңір инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртуда. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 1,5 мың км электр желілері, 13 км жылу желілері және 5 км су құбыры желілері жөнделді. Петропавл ЖЭО-2-де №1 мұржа құрылысы аяқталды. Тайынша қаласында 730 млн теңгеге 4,5 км жылу желілері жаңғыртылып жатыр. Биыл өңірде 76 км электр желісі ауыстырылып, 13 млрд теңгеге үш қосалқы станция реконструкцияланды. Петропавлда жалпы құны 11 млрд теңге болатын ұзындығы 8,1 км екі жылу желісі жобасы әзірленуде. 2029 жылға дейін 7 мың км-ден астам инженерлік желілерді жаңарту жоспарлануда.

Сумен жабдықтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет қолдауының арқасында облыстағы барлық ауылдық елді мекендер 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2025 жылы бұл салаға рекордтық 74 млрд теңге бөлінді — бұл соңғы үш жылдағы көрсеткіштен екі есе жоғары. Оның 44,9 млрд теңгесі — қайтарылған активтер. Қазіргі уақытта нысандардағы жұмыстар аяқталуға жақын, іске қосу-реттеу кезеңі жүріп жатыр, су ауылдарға берілуде.

Жол инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Облыста автомобиль жолдарының ұзындығы 8,4 мың км, бұл көрсеткішпен СҚО ел бойынша екінші орында. Соңғы екі жылда 2 мың км жол жөнделді, 2025 жылы — 1,1 мың км: 467 км республикалық, 540 км жергілікті және 100 км ауылішілік жолдар. Соңғы үш жылда Петропавлдың 63 көшесіне алғаш рет асфальт төселді. Биыл 51 елді мекенде бұрын жол болмаған көшелерге асфальт салынды. 2029 жылға қарай облыс орталығы көшелерін толық асфальттау жоспарлануда. Биыл жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі жергілікті желіде 89%-ға, республикалықта 88%-ға жетті.

Су тасқынынан қорғау жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. 2024–2025 жылдары Петропавл мен Қызылжар ауданындағы алты бөгет реконструкцияланып жатыр. Бөгеттердің биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 м-ге жеткізілді — бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 м жоғары. Заречный ауылында және Петропавл айналма жолы бойында екі қорғаныс үйіндісі салынды. Есіл өзенінің 32 км арнасын тазалау және тереңдету жобасы әзірленуде.

Су басу қаупі жоғары Заречный ауылында тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіру жүргізілуде. 90 пәтерлі бесқабатты үй құрылысы аяқталуға жақын.

Туристік инфрақұрылым да дамып келеді. Имантау–Шалқар курорттық аймағында 4 мыңға жуық орынға арналған 46 нысан жұмыс істейді, оның 9-ы жыл бойы қызмет көрсетеді. Жалпы құны 3,3 млрд теңгеге эко-отельдер мен глэмпингтер салудың 15 жобасы іске асырылуда. Жобалардың аяқталуы 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Соңғы екі жылда 20,1 км жол жөнделді, талшықты-оптикалық интернет желілері орнатылуда, туристік полиция құрылды, Шалқар және Имантау көлдерінде құтқару бекеттері орнатылды.

Петропавл қаласының су қауіпсіздігін арттыру үшін резервтік су көзі жобасы әзірленді. Су құбыры желілері мен сорғы станциясының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын, 15 желтоқсанға дейін мемлекеттік сараптамаға тапсырылмақ. Сорғы станциясы үшін жер телімі анықталды, электрмен жабдықтау бойынша техникалық шарттар алынды, жерді алып қою рәсімдері басталды.

Су тасқыны кезінде ауылдың оқшаулануын болдырмау мақсатында Прибрежное ауылында ұзындығы 73 м үш аралықты автомобиль көпірін салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада. Жоба елді мекеннің қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысы экономика, өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және қауіпсіздік бағыттарында кешенді даму қарқынын көрсетіп отыр. Инвестициялар көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда, инженерлік желілер жаңартылуда, жол қатынасы жақсарып, тұрғындардың өмір сапасы өсуде. Өңір елдің өнеркәсіптік, инвестициялық және экологиялық орталығы ретінде ұзақ мерзімді тұрақты дамуға дайын екенін дәлелдеуде.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер