Солтүстік Қазақстан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өңір тарихи-мәдени туризмге басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні облыста демалушыларға арналған 125 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың біржолғы сыйымдылығы – 6 676 төсек-орын. Туристік қызметтер көлемі 22,8 пайызға артқан, деп хабарлайды Social Media.
Туризмнің басым бағыты – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Бұл жерде 3 962 төсек-орындық 46 демалыс орны жұмыс істейді. 2024 жылы курорт аумағында демалушылардың жағдайын жақсарту үшін ұзындығы 8,5 шақырым болатын төрт жол жөнделді. Бұл жұмыстарға 415 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Биыл тағы бес жолды жөндеу жоспарланған. Олардың жалпы ұзындығы – 12 шақырымнан асады, ал жобаға 712 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, тұрақты электрмен қамту үшін 35 кВ жоғары кернеулі желілер мен қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде.
Цифрландыру бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Курорттық аумаққа жалпы ұзындығы 5,2 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Бұл Көкшетау ұлттық табиғи паркінің инфрақұрылымдық нысандары мен Шалқар көлінің жағасындағы жеті демалыс орнына интернетке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Курорт аумағында 32 санитарлық-гигиеналық торап, 35 құтқару бекеті және 73 қоқыс контейнері орнатылған. Облыстық жұмыс тобы апта сайын демалыс орындарының санитарлық, өрт және су қауіпсіздігі нормаларына сәйкестігін тексеріп отырады.
Имантау-Шалқар курорттық аймағынан бөлек, облыста мәдени туризмге ерекше көңіл бөлінуде. Өңір аумағында 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан.
Олардың ішінде халықаралық туристік брендке айналуға үмітті бірегей нысан — «Ботай қонысы» ерекше орын алады. Археологиялық кешен мәдени, тарихи, экологиялық және ғылыми туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ботай мәдениетін таныту мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде Ботай музей-қорығы құрылып, археологиялық жәдігерлерді сақтау және зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын 25 елдің суретшілерін біріктіретін «Ботай – ұлы дала мәдениеті» халықаралық симпозиумы өткізіледі. Петропавл қаласында заманауи өнер мен Ботай тарихына арналған «Ботай» арт-галереясы ашылған. Сондай-ақ, облыс орталығына кіреберісте археологиялық кешенге арналған монумент орнатылып, «Ботай. Жоғалған әлемдер» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілімі басталды.
Тағы бір халықаралық маңызы бар туристік жоба — «Мағжан орталығы» мәдени-ағартушылық кешені. Жоба түркі мәдениеті мен мұрасын қолдау қорының (Баку қ.) қатысуымен жүзеге асырылуда. Орталық қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты мұрағат материалдарын жинақтап, мәдени және ғылыми алмасуға арналған алаңға айналмақ.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында тарихи келбетті сақтай отырып, әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі қайта жаңғыртылуда. Мұнда «Qyzyljar Art Center» арт-дворигі орналасқан. Сонымен қатар, халықаралық «Qyzyljar music fest» музыка фестивалі тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Кешенді жобалар мен халықаралық әріптестікті кеңейту арқылы Солтүстік Қазақстан облысы туристік әлеуетін арттырып, аймақтың мәдени бірегейлігін сақтап отыр.