Сенбі, Қазан 25, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСҚО әкімі Шал ақын ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады

СҚО әкімі Шал ақын ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары аясында Шал ақын ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Social Media.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылды қолдау бағдарламаларының жүзеге асырылуы және алдағы уақыттағы жоспарлар талқыланды.

Аудан әкімі Қайрат Омаров атқарылған жұмыстар мен негізгі салалардың даму нәтижелері туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы аудан экономикасының басты саласы болып қала береді.

«Өсімдік және мал шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету жобалары жүзеге асырылуда. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 35,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі – 117,9% болды. 72 мың гектар немесе 78% алқап орылды, гектарына 14 центнер өнімділікпен 101 мың тонна астық бастырылды. Жинауға 337 комбайн тартылды, оның 274-і – жоғары өнімді техника», – деді аудан басшысы.

Кездесуге қатысқан тұрғындар өңірлік басқарма басшыларына өздерін толғандырған сұрақтарын қою мүмкіндігін пайдаланды. Ең өзекті мәселелердің бірі – автомобиль жолдарын жөндеу тақырыбы болды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде ауыр техника қозғалысының салдарынан аудан жолдарының кей бөлігі зақымданған.

«Қазір өз күшімізбен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша инертті материал – шамамен 45 мың текше метр – сатып алынды, асфальт-бетон зауытымен келісім жасалуда. Орташа жөндеу жүргізіліп жатқан жолдың жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырымды құрайды, жұмыстың жалпы құны – 6–7 миллиард теңге. Көктемде ауыр жүк көліктерінің қозғалысынан жол қатты зардап шекті», – деді ол.

Кездесу барысында тұрғындар билік өкілдеріне ауыл мәселелеріне назар аударғаны және ашық диалогқа дайын болғаны үшін алғыстарын білдірді. Тұрғындардың бірі ауданның атқарушы органдары халықпен үнемі байланыста екенін және өтініштерге жедел жауап беруге тырысатынын атап өтті. Ол сондай-ақ облыс әкімімен жеке қабылдауға жазылып, ауыл тұрғындарын толғандырған маңызды мәселелерді талқылауға ниет білдірді.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі өңірдің әрі қарай дамуының негізгі бағыттарын атап өтті. Ол заманауи технологияларды, жасанды интеллектіні енгізудің және инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталды.

Ғауез Нұрмұхамбетов еңбек адамдарының өңір дамуы мен өркендеуіндегі рөліне ерекше назар аударды:

«Біз жолдар салып, кәсіпорындарды жаңғырта аламыз, цифрлық технологияларды енгізе аламыз, бірақ еңбексүйгіш адамдарсыз, өз ісінің шеберлерінсіз мұның бәрі тек қағаз жүзінде қалады. Президент атап өткендей, Еңбек адамы – ел байлығы. Бұған жарқын мысал – еңбек әулеттері. Онда білім, тәжірибе және кәсіби дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа беріліп, қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуінің негізін қалайды», – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында облыс әкімі Луговтар отбасына алғыс білдіріп, бұл әулеттің ғасырдан астам уақыт бойы еңбек дәстүрін сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай отбасылар – өз ісіне адалдықтың және Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының тірегі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер