Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің су саласында еңбек етіп жүрген мамандарды құттықтап, Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапат иелері қатарында сумен қамту кәсіпорындарының шеберлері, слесарьлар, машинистер мен операторлар бар – дәл осы мамандардың күнделікті тынымсыз еңбегі тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп келеді, Social Media деп хабарлайды.
Су – өмірдің өзегі. Су шаруашылығы – бұл жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін сала. Табиғаттың түрлі сынақтарына төтеп беруге дайын болу – осы мамандықтың басты ерекшелігі. Сала мамандарының еңбегі арқасында өңірде маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, су жүйесі біртіндеп жаңарып келеді.
Биыл бірінші көтергіш су сорғы станциясының жаңғыртылуы толық аяқталды. Алда резервтік станцияның құрылысы жоспарланған. Мемлекет басшысының халықты толықтай таза ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Үкімет қайтарылған активтер есебінен 45 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңарту мен жаңа су жүйелері мен тарату желілерінің құрылысына бағытталады. Бұл өз кезегінде облыстың барлық ауылдарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жол ашады.
«Сала мамандарының алдында ауқымды міндеттер тұр. Барша су шаруашылығы қызметкерлеріне денсаулық, береке-бірлік пен туған өлкенің игілігі үшін атқарып жатқан істерінде зор табыс тілеймін!», – деді өңір басшысы.