Сенбі, Қазан 4, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСҚО-дағы білім көшбасшысы: Алпысбаева Нұргүл Бүркітқызының ұстаздық жолы

СҚО-дағы білім көшбасшысы: Алпысбаева Нұргүл Бүркітқызының ұстаздық жолы

Мұғалім болу – жүректің таңдауы, ал ұрпақ тәрбиелеу – ұлы борыш. Білімнің шырақшылары атанған ұстаздар қоғам дамуының, ел болашағының негізгі тірегі екені сөзсіз. Сол ардақты жолды өмірлік мақсатына айналдырған жандардың бірі – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директордың міндетін атқарушысы, жас та болса тәжірибесі мол, жаңашыл басшы Алпысбаева Нұргүл Бүркітқызы, деп хабарлайды Social Media.

Нұргүл Бүркітқызы үшін мұғалім мамандығы – тек кәсіби таңдау ғана емес, ол – ата-ананың ақ тілегінен бастау алған асыл арман. Әкесі зоотехник, анасы медбике болса да, олардың ең үлкен арманы – балаларының ұстаздық жолды таңдауы еді. Сол арман орындалып, бүгінде үш перзенттің үшеуі де білім саласында еңбек етіп жүр. Бұл – отбасының рухани беріктігі мен тәрбие құндылығының жарқын көрінісі.

Алғашқы сабақ берген күнін ұстаз әлі күнге дейін ерекше толқыныспен еске алады. Дайындығы мықты болса да, балалардың алдында алғаш тұру сәті жүрегін дүрсілдетіп, толғандырған. Дегенмен, оқушылардың жанарындағы сенім мен ықылас жас мұғалімнің жүрегіне қуат беріп, таңдаған жолының дұрыстығына көз жеткізді.

Нұргүл Бүркітқызының айтуынша, бүгінгі мұғалім тек пәнді үйретуші ғана емес, ол – оқушымен әріптес, дос әрі кеңесші. Заманауи педагог жаңашылдыққа бейім, технологияны меңгерген, шығармашылыққа жақын тұлға болуы тиіс. Сонымен қатар, әр баланың бойындағы ерекшелікті көре біліп, оның қабілетін ашу – ұстаздың басты міндеттерінің бірі.

«Әр бала – бір әлем. Мұғалім осы әлемді танып-біліп, оған дұрыс бағыт-бағдар беруі керек. Сабыр мен шыдамдылық ұстаздың серігі болуы тиіс. Ал ең маңыздысы – әр баланы шын жүректен жақсы көру», – дейді ол.

Бүгінде Нұргүл Бүркітқызы тек ұстаз ғана емес, білім беру ұйымын басқаруда да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Ол биыл «Қазақстан Республикасы мектеп басшыларының кадрлық резерві» бағдарламасын аяқтап, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» қатарына енді. Бұл – оның кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, мектеп басқару ісіне тың серпін беретін маңызды қадам болды.

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда директордың міндетін атқарушы ретінде ол ұстаздарға қолдау көрсетіп, оқушылардың білім сапасын арттыруға, мектепті жаңаша дамытуға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Нұргүл Бүркітқызы үшін мұғалім мамандығы – тек еңбек қана емес, ол – өмірлік миссия. «Мен осы мамандық арқылы елдің болашағына аз да болса үлесімді қосып жатырмын. Әр шәкіртімнің жетістігі – менің қуанышым», – дейді ол.

Оның өмірлік ұстанымы – үздіксіз үйрену, іздену және адамгершілікті бәрінен биік қою. Жас мамандарға айтар кеңесі де осы: ешқашан тоқтап қалмау, әріптестерден үйренуден ұялмау, балаларды шынайы сүйе білу.

Ұстаздық – ұлы мамандық. Осы жолды жүрек қалауымен таңдаған, оны абыроймен атқарып жүрген, бүгінде көшбасшы дәрежесіне көтерілген Алпысбаева Нұргүл Бүркітқызы – жас ұрпаққа үлгі, әріптестеріне өнеге. Оның еңбегі мен табандылығы – болашаққа жасалған сенімді қадам.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер