Бүкіл ел бойынша активтерді мемлекетке қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы қаражат есебінен, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, коммуналдық шаруашылық салаларында көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылуда, деп хабарлайды Social Media.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында атап өткендей, бұл жобалардың әрқайсысы – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қадам. Олардың бірі Петропавлда табысты іске асырылуда. «Жас өркен» шағын ауданында қазіргі заманғы балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.
“Бұл нысан 280 балаға есік ашып, олардың ерте дамуы мен сапалы мектепке дейінгі білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Жобаны іске асыру қадағалау органының бақылауында. Орнатылған бейнебақылау камераларының арқасында прокуратура қызметкерлері онлайн режимде құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, кез келген заң бұзушылыққа жедел әрекет етеді”, – деп хабарлады прокуратурада.
Бұл тәсіл жұмыстарды жүргізуге оң әсер етті – мердігерлік ұйымның жауапкершілігі мен тәртібі артты. Сондай-ақ, мамандар Үкімет ауылдық елді мекендердегі сумен жабдықтаудың таратушы желілерін салуға және қайта жаңартуға бағытталған Солтүстік Қазақстан облысы үшін 32 жобаны іске асыруды қосымша мақұлдағанын атап өтті. Аталған жобаларды іске асыру мыңдаған ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етеді.